"Өнер жолы оңай емес"

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_7_7-2018_12.jpgТәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту мақсатымен елімізде «100 жаңа есім» жобасы қолға алынған еді. Басты критерий – Тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне қосқан үлесті көрсету болатын. Ал, өнерсүйер қауымға танымал тарандық Арғынбек Бейбітхан ауданымыздың ғана емес, облысымыздың намысын қорғап жүрген, өнер саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі десек артық айтқанымыз болмас.

Көпшіліктің назарына түсіп жүрген Арғынбек кең тынысты, сазды дауысының арқасында талай жүлделердің иесі атанды. Ол жан дүниесінің дәстүрлі, халық әндеріне жақын екендігін жасырмайды, қайта оны дамытуға өзінің септігін тигізуге тырысады. Бойына өнер дарыған жерлесіміздің сахна төрінде өнерін паш етіп жүргеніне біраз жыл болса да, әр концертке, әр сайысқа тиянақты, аса жауапкершілікпен дайындалады. Арғынбек Бейбітхан кәсіби әншілерден кем түспейтін орындаушы ғана емес, ол өңіріміздегі халық аспаптық музыканы насихаттап, аталмыш бағытта шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз десек болады.

Арғынбек аянбай тер төгудің, жалықпай еңбектенудің нәтижесінің арқасында облыстық күйшілер сайысының жеңімпазы, халықаралық сайыстың лауреаты, жыр додаларының бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. «Бала кезімнен музыкаға ғашық болдым. Мені өнерге жетелеп әкелген де осы шығар. Бірақ, өнер жолы оңай емес. Әр музыкалық нөмірді әбден меңгергенше «қайрап» қана ұсыну керек деп есептеймін. Ал, ол үшін қатты ынты болуы тиіс», - дейді қоғамда өзіндік орны бар, дәстүрлі әнші, күйші, ансамбль жетекшісі Арғынбек Бейбітхан. Әрине, өнер адамы үшін шығармашылық шыңға жету өте маңызды екені сөзсіз. Десек те, бүгінгі басты кейіпкеріміз үшін тыңдармандардың сүйіспеншілігі және қошеметі ең басты жүлде болып қала бермек.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане