Музейде де сабақ өтеді

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының аясында Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен облысымыздың киелі жерлеріне арналған бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Б.Майлин атындағы орта мектеп пен С. Ерғалиев атындағы орта мектептің оқушылары, жастар ресурстық орталығының өкілдері, ардагерлер кеңесінің белсенділері қатысқан музей сабағы қызықты өтті ме?

Сабақ арнайы әзірленген бейнероликтен басталды. Қостанай облысының республикалық киелі картасына енген он нысаны туралы егжей-тегжейлі баяндалған бұл материал бірден оқушылардың назарына ілікті. Ал, киелі жерлер жайлы ұсынылған презентация олардың қызығушылығын одан сайын арттыра түсті.

Ұлы Дала киелі жерлерге толы ғой. Ол жерлерді қадірлеп-қастерлеу – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Осыны ұғындыру үшін өткізілген шара барысында жастар арасында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының қаншалықты маңызды екені, рухани жұтаңдықтан сақтайтын қалқанымыз екендігі де айтылды. Республикалық маңызы бар реестрге кірген 34 киелі нысандардың да, өңірлік реестрге енген 24 киелі нысандардың да аталған ерекшеліктері балаларды ғана емес, ересек адамдарды да тартатынына көзімізді жеткіздік десек болады. Ұйымдастырушылар да оқушылардың зер салып, ықыласын аударуына барынша тырысып, тиянақты дайындалыпты. Кездесудің соңында қатысушыларға негізгі тақырыпқа қатысты білімдерімен, әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік берген екі жақты ой-пікір алаңы құрылды.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане