Сапар Ерғалиев есімі мектепке берілді

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_20_20-2018-2.JPGҚазақ даласы қара басынан гөрі, қарашаның қамын ойлаған ерлерге кенде емес. Ұлыларын ұлықтай білген тарандықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір іргелі істің ұйытқысы болды. Аудан орталығындағы №1 Таран орта мектебіне құрметті азамат, іскер басшы, ардақты аға, ел жанашыры Сапар Ерғалиев есімі берілді.

 

Сапар Ерғалиев Торғай өлкесінің тумасы. Еңбек жолын Таран ауданында бастап, осы ауданның дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне аянбай қызмет жасаған, ел ілтипатына бөленген абыройлы азамат, қайраткер тұлға. Сол кездегі өңір экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дұрыс бағамдай білген, көпшіліктің риясыз алғысына бөленіп, бұқара халықтың сенімін арқалаған білікті басшы.

Сапар Ерғалиұлы алғашқы еңбек жолдарында Таран ауданының Қоржынкөл, Жамбаскөл , Сабынкөл, Степной колхоздарында зоотехник болды. 1943-45 жылдары Жалшы ұжымшарына басқарма, 1945-46 жылдары Таран аудандық атқару комитеті төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары, 1947-53 жылдары Қоржынкөл ауылындағы Сталин атындағы колхозда, Аманқарай кеңшарының бөлімшелерінде басқарушы қызметтерін абыроймен атқарды. Содан кейін 1954-58 жылдары Жалшы ауылындағы Чапаев колхозына басқарма төрағасы болды.

Сапар Ерғалиев 1959-87 жылдары Вачасов атындағы кеңшарын 28 жыл бойы үздіксіз басқарды. Осы жылдары әртүрлі деңгейдегі лайықты жас мамандарды тәрбиеледі.

1987 жылы Сапар Ерғалиұлын зор құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды.

Еңбек елеусіз қалмайды. Сапар Ерғалиев қажырлы еңбегінің арқасында бірнеше марапаттарға ие болды. 1956 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, көрменің Алтын медалімен марапатталды. 3 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «В.И.ленин» ордендеріне, «1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» «Қажырлы еңбек» сияқты бірнеше медалдарға ие болды. «Қазақстанның Ауылшаруашылығына Еңбек сіңірген қызметкер» атағын алды.

Сапар Ерғалиұлы Ерғалиев 1996 жылы дүние салып, Қоржынкөл ауылына жерленді.

Мектепке С.Ерғалиев есімін беру іс-шарасы салтанатты түрде өтті. Алдыменен салтанатты рәсім мектеп ауласынан бастау алып, арнайы жиын өткізілді. Ашылуы рәсіміне С.Ерғалиевтің туған-туыстары, оның көзін көрген, қызметтес болған, тәрбиесін алған азаматтар көптеп жиналды.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары М.Ахметов аудан әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін немере інісі әрі мектепке атамыздың есімінің берілуіне тер төккен С.Мырзағалиев, ауданның қадірлі ардагерлері Т.Нұрахметов, С.Малтабаров С.Ерғалиұлы туралы естелік әңгімелер айтты.

Мектеп маңдайшасын ашу құрметі М.Ахметов пен С.Мырзағалиевке берілді.

Кейін жиналған жұртшылық мектеп қабырғасынан ашылған мұражайды аралады. Мұнда С.Ерғалиевтің фотосуреттері мен жазба деректері сынды дүниелер қойылған.

Мұражайды тамашалаған көпшілік бұдан соң, мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындаған шағын концертті тыңдады.

Салтанатты рәсім соңында С.Ерғалиевке арналып ас берілді, арнайы құран бағышталды.

Сапар Ерғалиевтің ұрпақтары:

- Біздің әулетіміз үшін бүгін ерекше оқиға. Себебі, ауданда атамыздың құрметіне үлкен іс-шара өтіп, мектепке оның есімі беріліп жатыр. Бұл өте құптарлық іс деп ойлаймын. Себебі, ол кісі өзінің өмірінің басым бөлігін осы жерде өткізді. Еңбек етті. Осы үшін барша тарандықтарға, іс басындағы азаматтарға алғысым шексіз, - десе, мектеп директоры Асылан Мадибаев:

-Биылғы оқу жылының аяғы ерекше! Оған себеп те бар. Елбасының арнайы «Рухани жаңғыруға» байланысты ойын ортаға салды. Маңыздысы рухани байлықты қалпына келтіріп, елдің, халықтың санасына жеткізу еді. Міне, біз сол мүддені жалғастырып отырмыз. Балаларымыз да, ұстаздарымыз да Сапар Ерғалиев есімін өздерімен бірге абыройлы алып жүретініне сенімім бар және біз сол абырой жолында жұмыс істейтін боламыз,- деп іс-шараны қорытындылады.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане