Бірқатар өзекті мәселелер көтерілді

Өткен аптада «Даму қоры» АҚ филиалы мен облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді.

 

Аталмыш кездесуге кәсіпкерлер палатасынының, кәсіпкерлік бөлімнің, пошталық байланыс торабының басшылары мен мамандары шақырылды. «Даму» қорының менеджері Иван Дворниковтың сөзіне сүйенсек, бизнесті қолдау және дамытудың бірегей «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кіші және орта кәсіпкерліктің мақсатты қолдауын, сондай-ақ, кәсіпкерлік потенциалды күшейтуді қарастырады. Жиын барысында бағдарлама аясында қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, жобалардың өндірістік қуаттылығын ұлғайту, ауылдық жергілікті орындардағы кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын және олардың жобаларын кеңейту сынды басқа да өзекті мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, екі жақтан да бірқатар ұсыныстар да жасалды.

Бизнесті қолдау және дамытудың «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы ауданымызда жүзеге асырылғаннан бері жалпы сомасы тоғыз жүз миллион теңгеден асатын жиырма жеті жоба қаржыландырылған көрінеді. Нақтырақ айтсақ, жобалардың жиырмасы субсидиялау, екеуі кепілдендіру, қалған екеуі шағын несиелендіру, біреуі инфрақұрылымды жинақтау бойынша қаржыландырылса, екі қатысушы бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грантқа ие болды.

Облыс орталығынан келген кәсіпкерлік басқармасының бас маманы Шарафат Сейдалин де сөз алып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, енгізілген соңғы өзгерістері жайлы да айтып өтті. Жергілікті Пошталық байланыс торабының басшысы Сейілжан Орынтаев та тақырыптың шеңберінде негізгі ойымен бөлісіп, қатысушылардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Жалпы, кездесу түсіндіру жұмысын ғана қамтыған жоқ, қатысушылардың жеке басына түскен бірталай көкейтесті мәселелерін шешуге түрткі болды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане