Фольклорлық әндерден концерт өтті

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_11_11-2019_9.JPGАптаның басында Қазақстан Республикасының мəдениет қайраткері, Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты, фольклорлық «Шертер» ансамблінің əншісі Отаркүл Мұқатованың концерті өтті.


Отаркүл Оразбайқызының «Айдын көлдің- еркесі» атты концерті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында фольклорлық әндерді жаңғырту мен «Шертер» фольклорлық ансамблінің 45 жылдығына бағытталған.
-Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көне, ұмытылып кеткен әндерді қайта түлету, «Шертер» фольклорлық ансамблінің тарихынан сыр шерту мақсатында облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен, қолдауымен аудан, қалаларды аралап концерт беріп жүрмін. Бейімбет Майлин туған киелі елдің жұртшылығымен кездесіп отырғаныма дән ризамын,- деді, концерт басында өнер ардагері Отаркүл Мұқатова.
Айта кетейік, «Шертер» ансамблі 1974 жылы бұрынғы Торғай облысы орталығында құрылған еліміздегі тұңғыш фольклорлық ансамблдің бірі. Оған мұрындық болған қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков. Аталмыш ансамбль сол уақытта 14 мемлекетте болып, концерт берген.
Фольклорлық әндерді арқау еткен концерт барысында Отаркүл Оразбайқызы халық әндерімен қатар, Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов композиторлардың, сондай-ақ, жергілікті сазгерлер Б.Хамзин, Б. Сәуекенов, Қ.Деріпсалдиннің әндерін орындады.
Концерт соңында ақ жаулықты әжелер көне әндерді еске түсірген Отаркүл апамызға алғысын айтып, батасын берді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане