- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 18.04.2019 06:15
-
Автор: Өз тілшімізден
-
Просмотров: 1102
15 сәуір күні 2019 жылы Тобыл кенті «Думан» Мәдениет Үйінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» ғашықтар күніне арналған «Махаббат - сезімдердің патшасы» атты кеш өтті.
Соңғы жылдары жастарымыздың арасында 15 сәуір күні - ғашықтар күні болып тойланып келе жатқаны көңіл қуантады. Бұл мейрам тек кейінгі жылдары ғана кең етек жая бастағанымен, тоқсаныншы жылдардың соңында өз бастауын тапқан. Бұл күн нағыз көктем шуағын шашып, күн сәулесі барлық адам баласын нұрымен жылындыра бастайтын шағы, яғни жаңа бастаудың, көктемнің нақ ортасы болған соң осы күні таңдалған.
Мерекеге келген жоғарғы сынып оқушылары Жұлдыз Ислямова, Құбыл Нағашыбай - Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» хикаяларынан көрініс қойылды. Бұл екі ғашық шамамен XII-XIII ғасырларда ғұмыр кешкен. Сарыбай мен Қарабайдың төл перзенттері. Аң аулап жүріп құдаласқан бұл екеуі ұл-қыздарының кейінірек махаббат жолында түрлі қиыншылықтарға ұрынатынына куә болады. Дүниеқоңыздық пен көреалмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осымен құнды.
Көрініске катысқан Мейрамбек Хұсаинов, Ерлан Назарбаев, Жаңагүл Ізтілеу, Әсел Бірмағанбетова, Әсемай Оразбекова өз кейіпкерлерінің бейнесін жақсы көрсетіп, көрермендер ризашылығына бөленді.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу мазары қос ғашықтың адал махаббатының дәлелі іспеттес күні бүгінге дейін сақталып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Махаббат күнін ұлттық танымымызға, салт-дәстүрлерімізге қайшы келмейтіндей етіп атап өткен абзал. Ал "Қозы Көрпеш - Баян сұлу күні" деген атау сәтті қойылған. Ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрлеріміздің барлығының жөн-жосығы, тәрбиелік мәні бар. Бұл атаулы күнде ежелгі дәстүрлерімізді жаңғыртып, заманға сай қолдана білуіміз керек.
Адам жанын әсем күйге бөлейтін махаббат - барша сезімдердің патшасы. Осы бір аяулы сезімді ардақтап, бір - бірімізге үлкен сүйіспеншілікпен қарай білейік.