Ауылдағы ат жарыс

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_18_18-2019_2.jpgАт десе ішкен асын жерге қоятын, атты ердің қанатына балайтын қалың қазақ үшін ат бәйгісінің орны ерекше. Ауыздығымен алысып, жер тарпыған сұлу мүсінді сәйгүліктерді қызықтаудың өзі бір ғанибет. Кең даланың төсін дірілдете, жүйткіте шапқан көп тұяқтың дүбірі делебеңді қоздырып, аңсарыңды беймәлім қызыққа итермелейтіні сөзсіз.
Осынау ұлтымызға тән ат бәйгесі кейінгі жылдары ауданымызда жақсы жолға қойылып, ілгері басып келеді. Оған мұрындық болып жүрген Набережный ауылдық округінің азаматтары.


Өткен аптада жылдағы дәстүрге сай Набережный ауылдық округінің орталығы Елезаветинка ауылында 1 мамыр – Қазақстан халықтар бірлігі күні мерекесі қарсаңында жарыстар өткізілді.
Әдетте, «көктемнің қара өзек шағы» деп саналатын мезгілде бұндай дүбірлі бәйгенің өтуі сирек болады. Бірақ, соған қарамай, жүйріктерін үкілеген жігіттер аталмыш ауылға көптеп жиналды. Дәстүрлі ат бәйгесін жыл сайын ұйымдастырып, соның басы-қасында жүретін, ауылдың азаматы Ерназар Дуанов екендігін айтпай кетуге болмайды. Сондай-ақ, ат бәйгесінің алаңын қалыпқа келтіріп, қолұшын берген кәсіпкер Жұмағазы Темірбаев.
Биылғы ат бәйгесі аламан және құнан бәйге болып өткізілді. Мерекелік шараның басында ауыл әкімі Талғат Төлепбергенұлы құттықтау сөз сөйлеп, шабандоздарға сәттілік тіледі. Ұлттық ат спорты додасына облысымыздың 6 ауданы, яғни Қамысты, Қарабалық, Денисовка, Жітіқара, Қостанай және Таран ауданының атбегілері қатысты.
12 ат шапқан аламан бәйгеде Қостанай ауданының «Тағылы талап» есімді аты өзгелерді шаң қаптырып, бас бәйгеге тігілген ақшалаай жүлдені ұтып алды. Оның бапкері Қалилула Жазғыбеков, шабандозы Ринат Ертасов. Екінші және үшінші орынды Қамысты ауданынан келген Әулиетті Жүсіповтың аты жеңіп алды.
Сол сияқты Құнан бәйгеде 6 тұлпардың ішінен жітіқаралық Арман Испергеновтың аты топ жарса, екінші орынды Қарабалық ауданынан келген сәйгүлік ұтып алды.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік доданы ауыл әкімі қорытындылап, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане