Қобыз сарыны

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_20_20-2019_9.jpgҚобыз сарыны. Жан дүниеңді шымырлатар, мынау тылсым дүниедегі қайғы мен мұңды, арман мен шерді, шаттық пен қуаныш сезімін жеткізер әуеннің құдіреті қандай ғажап десеңізші...


Әйгерім Сарсенова - Е. Өмірзақов атындағы мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі. Ауданымызға биыл ғана қоныстанған Әйгерім қазақ халқының киелі аспабы – қобызда шебер ойнайды. Қорқыт бабамыздың заманынан келе жатқан аспапты қызықтап тұрған бізге прима-қобызы туралы ерекше сүйсініспен айтып берді.
Ата-анасынан зор қолдау алған Әйгерім, бала кезінен домбырада жақсы ойнағанын да айта кетті. Студенттік шақ басталғаннан өнерге жақын қызымыз, қобыз үйірмесінің ашылғанын естіп, ойланбастан өнерін қобызбен жалғастырамын деп шешкен.
Қобыздың күңіренген үнінен жаны жай тауып, арман-қиялға берілетін ол облысымыздың концерт залында талай өнер көрсетті. Әлі де болса бабында. Ол өзінің қалаған мамандығы бойынша жұмыс атқарып жатқанын мақтаныш көреді. Қобызын қолға алмаса, көңілі жабырқап қалатынын да жасырмайды. Әдетте қазақ Қорқыт пен қобызды бөліп-жарып қарамайды. Сол секілді Әйгерім де киелі аспабы мен қызметті қатар қояды. «Қызметіме еш кедергі келтірмейді, қайта шаршағанда жан серігіме айналады»,- дейді ол. Қазіргі мақсаты шәкірт тәрбиелеп, оларды биік шыңда көру, өнердің тәтті дәмін таттыру екенін айта кетті.
Талант иесінің нағыз баға­сын беріп, өнердегі орнын айқын­дап кететін оның қатар өмір сүрген замандас­тары, халықтық дәстүрлі өнердің қадір-қасиетін шын сезініп өскен жандар.Сондықтан, қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жал­ғастыруға бел буған Әйгерім қызымызға сәттілік тілей отырып, болашақта шәкірттерінің көп болуына тілектеспіз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане