Жас әнші Анастасия Машкова

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_28_28-2019-4.jpgКиелі Бейімбет Майлин жері қашанда өнерлілер мен дарындылардан кенде болған емес. Солардың бірі – Анастасия Машкова. Жас әншіміз Рудный педагогикалық колледжін тәмәмдап, қазір өзінің жаны қалайтын мамандық бойынша жұмыс істеп жүр.


Өнер – әр адамның бойындағы белгілі бір құдірет күші секілді. Анастасияның өнердегі аяқ алысы алты жасынан басталды. Содан бастап мектепте өткен іс-шаралардың барлығынан тыс қалып көрген емес. Ән айтса көңілі жадырап сала беретін қызымыз ең алғашқы жас әншілердің аудандық байқауында бақ сынап, бас жүлдені жеңіп алған. Одан кейін де бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Облыс, республика көлемінде топ жарып, абыройымызды асқақтатты. Баласының бойындағы дарынын байқаған ата-анасы облыстық, республикалық байқауларға өздері жетелеп апарған. Анастасия әлгі күнге дейін ата-анасының қолдауымен биік шыңдардан көрініп келеді. Осындай отбасында тәрбиеленіп өскен Анастасияның арманы да-болашақта ата-анасының үмітін ақтап, елі үшін еңбек ету.
-Маған әркез қолдау көрсетіп, жанымнан табылатын ардақты әкем мен аяулы анамның арқасы, сол үшін ол кісілерге айтар алғысым шексіз. «Жүректен шыққан ән ғана жүректерге жетеді» дейді ғой, мен ән айтқанда өзімді басқа әлемде жүргендей сезініп, өзгеше бір күйге бөленемін,– деп өзінің жүрек түкпірінде жатқан сырымен бөлісті жас әншіміз.
Қазір Анастасия Машкова аудандық Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып жұмыс атқарып жүр. Талантты жан әрқашан да еңбекке талпынады демекші, Анастасия қазіргі уақытта вокалдан сабақ беріп, «Мечта» атты топ ашқан. Бұл жас маманның жеңісінің бастамасы деп білеміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане