Балаларға мейірім сыйлайтын тәрбиешілер

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_40_40-2019_2.jpgИнтернат ұғымы қазақ тарихының сахнасына Патша үкіметінің отарлауы кезінде енді.


Интернат ұғымын бізге кім енгізді? Әрине, қазақ елінің ағартушысы Ыбырай Алтынсарин. Ағартушы іргесін салып кеткен Ырғыздағы қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат қазіргі қоғамымыздағы интернаттардың іргетасы болып табылады.
Интернат туралы кеңес дәуірінде біршама жазушыларымыз, ақындарымыз өз өлеңдері мен әңгімелерін жазып кеткен. Біршамасы өзімізге таныс. Сол жазушыларымыздың ізін жалғап,интернаттың қазіргі қоғамымыздағы жақсы жақтарын айтып кетсек.
Ауданымызда балаларға арналған интернат бар. Алыс ауылдарда тұратын оқушыларымыз осында келіп, ауданымыздағы мектептерден білім алып жатыр. Бүгінде бұл шаңырақтың меңгерушісі Гүлсін Жұмақұлқызы Шоңғалова. Қазіргі таңда балаларымыздың тәрбиесімен ата-аналарынан бөлек, осы интернат ұжымындағы тәрбиешілер маңызды рөл атқарып, қолдарынан келген тәлім-тәрбиені беріп, өмірдің ақ-қарасын үйретіп жатқан жәйі бар.
«Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді… Әр бала-өзінше бір әлем. Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл. Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс — бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!
Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай, қиындығын айтатындары көп, ал мамандығын өзгертетіндер сирек. Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қоятындай. Қазіргі таңда біздің шағын шаңырағымызда 50 бала бар. Әрқайсысына тәрбиешілеріміз қолдарынан келгенше көмек қолын созып, білмеген жерін үйретіп жіберуге тырысады. Біздің ұжымда Күләш Базарбайқызы Зейнелова, Сания Серікқызы Мурзабаева сынды тәрбиешілеріміз бар. Аспазшылар таңғы 6:00-ден келіп ас дайындайды. Ол кісілер Любовь Николаевна Пивоварова, Үміткүл Таңатарқызы Менлибаева, Назерке Әмірханқызы Забарова. Барлық тәрбиешілер балаларды өз туғандарындай көреді. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім беру саласында болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің бала назарын еріксіз оқу іс — әрекетіне аударту, баламен оқу іс — әрекеті үстіндегі әрбір қарым — қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр»,-дейді интернат меңгерушісі. Айта кетейік, осы жылы өзінің еңбек жолын тәрбиеші және мектепте физика пәні мұғалімімен бастаған Гүлсін Жұмақұлқызы мен интернаттың шаруашылық меңгерушісі Әлия Минжанқызының интернат өміріндегі еңбек жолдарына 20 жыл толып отыр. «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал, мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз.Дәл осындай даналық сөзбен еңбек жолдарын бастаған жандар, бүгінде 20 жылдың қалай зымырап өтіп кеткенін де байқамай қалдық дейді.
Баланың ой — өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек, бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане