Исламдағы Төзімділік

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_8_8-2020_2.jpgАраб тілінде бірнеше мағынаны білдіретін «Әт-тасамух» сөзі бар. Мұның төзімділікке қатысты мағынасы: өзгенің пікіріне, іс-қимылына сабырлық таныту, оған кешіріммен қарай білу, ұстамдылық көрсету.


Исламда төзімділіктің мән-мағынасын аша түсетін құндылықтардың әрбірінің мазмұны терең. Мәселен, сондай ұғымдардың бастысы әрі негізгісі –сабырлық, ұстамдылық, төзімділік қасиеттері. Сабырлық адам бойындағы адамгершілік құндылықты құрайтын көркем сипаттардың бірі.
Әт-тасамух сөзінің морфологиялық жасалу формасының өзі араб тілі білімінде бірнеше адамдардың арасында болатын іс-әрекетті білдіреді. Адамдар өзара жұмсақ мінезді, мейірімді, бір-біріне кешіріммен қарап, сабырлық танытулары керек деген сөз.
Алланың көркем сипаттарының бірі боп табылатын «Сабырлық» дегеннің
мынадай түрлері бар:
Ислам бұйырған әмірлерге сабырлы болу;
Ислам қайтарған әмірлерге сабырлық таныту;
Алланың тағдырға жазған қайғы-қасіретіне сабырлы болу (Имам Газали).
Әли Ибн Әбу Толиб білімге терең, сөзге шешен болған адам. Оның мұсылман көркем әдебиетінде ойып тұрып орын алған «Наһджу әл-Балаға» (Ділмарлық жолы) деген іргелі еңбегінде ғалым сабырлық жайында:
«Сабырлықтың екі түрі бар: әуелгісі, қаламайтын нәрсеңе сабырлық қылу; екіншісі, жақсы көретін нәрсеңе сабырлық ету». Сондай-ақ, келесі сөзінде: «Ғасыр дегеніміз екі күннен тұрады. Бір күні сенің пайдаңа болса, екінішісі сенің зияныңа болмақ. Сенің пайдаң үшін болған күні — ​шектен шықпағай, ал, енді сенің зияныңа болған күнде — ​сабырлық қылғай», — ​деп айтқан.
Осы орайда Исламдағы төзімділіктің мағынасын аша түсу мақсатында Пайғамбарымыз ғ. с. және оның сахабаларының сөздерінен бірер мысал келтірсек.
Пайғамбарымыз ғ. с. — ​ның сахабалары арасында білім көкжиегіне көтерілген өзіндік орны бар сахабалардың бірі Ибн Масғуд: «Иман екі жартыдан тұрады: біреуі — ​сабырлық; екіншісі — ​шүкірлік», — ​деп айтқан.
Сағд ибн Мәлик Пайғамбарымыз Мұхаммед (.ғ.с.)-нің ұстамдылығы турасында мына хадисты жеткізеді:
«Ансарлықтардың кейбірі Алланың елшісінен (ғ.с) (бір нәрсе) сұрайды. Пайғамбар (с. ғ.с.) оларға сұрағанын береді. Кейін олар тағы сұрайды. Пайғамбар (с. ғ.с.) сұрағандарын береді. Сөйтіп, олар Алланың елшісіндегі сол затты тауысқанша сұрай береді. Пайғамбар (ғ. с.) қолындағы заты таусылған соң:
— Менің қолымда бар жақсы нәрсені сендерден аяп, сақтамаймын. Кім мейірімді болуды сұраса, Алла оны мейірімді қылады. Кім байлық сұраса, Алла оған байлықты береді. Кім сабырлық танытса, Алла оған сабырды береді. Негізінде, сабырдан асқан кең әрі қайырлы нәрсені (Алладан басқа) ешкім берген емес», — ​деп айтты (Муслим).
Исламда төзімділік, сабырлық, шүкірлік пен ұстамдылық деген құндылықтардың мәртебесі жоғары. Міне, осы ұғымдар бірігіп, бүгінде біз айтып жүрген толеранттылық ұғымын құрайды. Бұл қасиеттердің әрбірі — ​исламдағы мақтаулы мінез. Сондықтан да мұндай мінез ерекшелі дінді насихаттаған Пайғамбарларға тән. Олардың бойында жоғарыда аталған көркем сипаттар болды.
Мұхаммед ғ.с және ол кісіге дейінгі есімдері белгілі т. б. Пайғамбарлардың әрбірі көптеген сынақ пен өмір қиындықтарынан сүрінбей өтіп, жоқтық пен аштықты жеңіп, өздерін басқалар үшін үлгі ете білді. Жер бетінде қандай қиын сынақ болса, соны бірінші Алланың сүйікті құлдары, Пайғамбарлары бастан кешірді, демек, Алланың жер бетіндегі елшілері өз бойындағы ұстамдылығы мен шыдамдылығы арқылы өздерінің соңынан ерген үмбеттеріне үлгі бола білді. Мәселен, Мұхаммед Пайғамбарымыз (ғ.с) Мұсылман болғаны үшін және Алланың елшісі ретінде сол Ислам дініне шақырып, оны таратқаны үшін бір көршісі әдейілеп Пайғамбарымыздың (ғ.с) үстіне үйінен шыққан кірдің суын т.б лас нәрселерді әдейілеп шашып жіберіп отыратын еді. Бір күні сол әйелдің көрінбегеніне алаңдап үйіне іздеп барғанда, әйел өш алуға келді екен деп ойлап, төсектен көтеріліп, неге келгенін сұрағанда, Пайғамбарымыз (ғ. с.) ол кісіге қарп тұрып: Сіз көрінбегесін халіңізді білуге келдім дегенін естігінде, көрші әйел жылап, кешірім сұраған екен.
Демек, діни ұстанымы, сенімі, ділі мен тілі, мәдениеті мен тарихы, салты мен әдет-ғұрпы алуан түрлі азаматтар бір ортада бас қосып, өмір сүріп жатқан мына қоғамда адамның өз көршісіне, әріптесіне, қасындағы адамға жұмсақ мінезді болуы, мейірімділік танытуы, кешіріммен қарай білуі — ​өмір қажеттілігі. Бұл қажеттілік тек мұсылмандардан емес, осы қоғамды құрайтын басқа да барлық сенім, дін өкілдерінен талап етіледі. Бірақ, «адам толерантты болуы керек», немесе «сөз еркіндігі» деп өзге адамның дініне, сеніміне, намысына тиетін сөздерден де сақ болғанымыз жөн. Бұл ел бірлігіне, қоғамдағы тыныштыққа қауіп төндіреді. Сондықтан да адамның сенімі, ар-ожданы Ата Заңмен қорғалған.
Сөз соңында айтарымыз барлық Діндерде қастерлі, қасиетті саналатын ұғымдар, жәдігерлер, рәсімдер бар. Мұндай қасиетті ұғымдарды, тұлғаларды келемеждеп, сынаудың соңы сол елдерде (Дания, Франция, АҚШ және т. б.) қайғылы аяқталғанына куә болдық. Ондай оқиғалардың зарары мен салдарын бір ғана мемлекет емес, бүкіл әлем көрері хақ. Бұдан біз де сабақ алуға тиіспіз. Сол себепті БАҚ-да, ғаламтор желісінде дінге қатысты мәселеде өзіміз білгірлікке салынбай, дін қызметкерлеріне, мамандарына жүгініп отырмасақ, қате сөйлеп, арты ел бүлініп, бөлініп кетер жағдайға себепкер болуымыз мүмкін.
Ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының көркейіп дамуына қолайлы жағдай тудырып отырған Қазақстан атты елімізді Алла береке бірлігінен айырмасын!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане