- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 11.06.2020 06:21
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 897
Аудандық кітапханашылар үшін биылғы жыл мерейлі жыл болып отыр. Себебі,осы жылы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрылғанына 40 жыл, аудандық кітапхананың құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осы орайда, мерейлі жыл туралы, өзінің өмірлік бағыты, атқарылған жұмыстары жайлы аудандық кітапхана басшысы Гаухар Асановамен тілдесіп қайтқан болатынбыз.
- Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады. Кітапханашы мамандығына өз қалауыммен түскен едім. Осы салада жұмыс істегеніме 16 жыл болыпты. Өз кәсібімді сүйетін жанның бірімін. Өйткені, бұл мамандық-өте мәртебелі мамандық. Қазіргі кезде кітапхана мамандығының ауқымы ұлғайған. Бұрынғы кездегідей кітапты алып беріп отыру емес, техника дамыған заман болғандықтан, ақпараттар көп жинақталады. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Кім кітапты көп оқыса, сол интернетте отырғандарды басқаратын болады»- деген болатын. Сондықтан білікті маман болу үшін, заманауи ақпараттарды біліп, әрқашан ізденіс үстінде болу қажет. Өзімнің осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарымды елеп-ескеріп, оқырман құрметіне бөленуімнің арқасында, еңбегімнің жемісін көріп, 2018 жылы республикалық деңгейде «Кітапхана үздігі» деген төсбелгіге ие болдым.Жақында тойланған, Би ағамыздың 125 жылдығында да төсбелгіге ие болып отырмын. Бұл да бір еңбегімнің еш кетпегені деп ойлаймын. Енді, кітапханашылар жайлы айтатын болсам, қазіргі таңда аудан бойынша 45 кітапханашы жұмыс атқарып жатыр. Барлығы дерлік аянбай еңбек етіп, оқырмандардың көңілін табуға тырысады.Біз, барынша, жаңа заман үндестігіне сай тиімді әрі сапалы қызмет түрін ұсынуға тырысып келеміз. Қандай бастаманы қолға алсақ та, біз, әуелі, осы оқырмандар сұранысын қанағаттандырып, заман талабына сай жұмыс жасауды басты міндет етіп отырмыз. Қазіргі таңда аудандық кітапхана қорында 245 мың дана кітап бар, соның ішінде, мемлекеттік тілдегі кітаптар қоры 64 мыңды құрап отыр, – дейді Гаухар Асанова. Аудандық кітапханаларда жұмыс атқарып жатырған кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз екенінде басшы ескере кетті.
- Өкінішке орай, қазіргі жастар арасында кітапханашыны ең төменгі мәртебедегі мамандық ретінде бағалап жататыны рас. Мұндай көзқарастың қалыптасуына, мүмкін, аталмыш мамандық иелерінің жалақысының мардымсыздығы да әсер ететін шығар. Жасыратыны жоқ, олар ай сайын «ас та, төк» айлық алады деп айта алмаймын. Бірақ, сонда да ісіне адал, жауапты мамандарды көріп, қуанамын. Демек, бұл мамандықта өз жүрек қалауымен келгендер ғана жемісті қызмет етеді. Біз бәрін сырттай «кесіп-пішкенге» шеберміз. Ешкімнің шаң басқан архив ақтарып, сарғайған кітап бетін парақтап отырғысы келмейді. Ал, шындығына келгенде, олардың күн сайын, әрбір секунд, минутын рухани байлыққа толы көмбенің ортасында өткізетінен бейхабар. Қазір біз кітапхананың имиджін жаңартумен қатар, кітапханашылар біліктілігіне аса мән беріп отырмыз. Кітапханашы жай ғана кітап оқып, уақытын өткізіп, үйіне қайтады деп ойласа, қателеседі. Себебі, бүгінгі кітапханашы – менеджер, ол – бағдарламашы, ол – психолог, ол – ойы зерек, қиялы ұшқыр, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған рухани қазынаның шырақшысы. Тіпті, ауылдық жерлердегі кітапханашылардың өзі сол ауыл-аймақта өтіп жатқан мәдени шаралар мен жаңалықтарды интернет желілеріне ыждаһаттылықпен жүктеу арқылы жергілікті репортёрдің қызметін атқарып отыр-, деді басшы. Ал, аудандық кітапханашылардың биылғы жылға деген үміттері зор, жоспарлар да дайын. Бастысы, елімізде болып жатқан індеттен аман-есен шығу болып отыр. Өз кезегімізде, барша аудандық кітапханаларда еңбек етіп келе жатырған жандарды биылғы мерейтойларымен құттықтаймыз!