- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 25.06.2020 06:35
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 729
Елизаветин ауылындағы алыс-жақын ағайынға бір кісідей сыйы бар, көкпар дегенде делебесі қозып тұратын көкпаршы ағамыздың бірі –Жайылхан Кулкаев.
Әсілінде, көкпар десе, арқасы қозбайтын қазақ кемде-кем. Ауыздығымен алысқан тұлпарға аяқ артып, атшабар алаңында көк серкені тақымдап, делебең қозып шапқанға не жетсін, шіркін! Қазақ «Көкпар – батырдікі, той – ақындікі» деп бекер айтпаса керек-ті.
Қайнап жатқан қалың дода арасынан суырылып жеке дара шығу оңай шаруа емес. Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайды. Оны мықты жылқы мен жігіттің серісі ойнайды. Сол серілердің бірі де бірегейі Елизаветин ауылында. Жайылхан Кулкаев және теңге ілуден «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» ұлы Асабек Төребаев пен бәйге шабудан шебер ұлы Асқар Төребаев. Жақын да өткен бәйгеден Жайылхан ағамыздың ұлы Асқар 12 қатысушының арасында 1-ші орынға ие болған еді.
«Қазіргі таңда ұлдарымның бірі Асабек «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» болып отыр. Бұл менің әке ретіндегі үлкен жетістігім деп ойлаймын. Кіші ұлым Асқарды да кішкентай кезінен атқа үйреткен едім. Қазір, міне, жеңісін көріп отырмын. Мен жастайымнан атқа қонған адаммын. Өйткені, көкпаршы болатын баланың тақымы жас күнінен шынығып, қалыптасуы керек. Өз басым, ес білген сәттен бастап көкпар тартып жаттықтым. Көкпаршы болудың басты шарты – атқа, яки жылқыға деген құмарлықтан басталады. Одан кейін бұл ойынға адам жан-тәнімен құмарту керек. Көкпар – мықтылар ойыны. Дода кезінде аттан құлап, немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті, жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Сондықтан кез-келген жас көкпаршы болуға құлшына қоймайды. Қазіргі балалардың көбі әлжуаз. Алғашқы күні аттан құласа, оған мүлде жоламай кететіндер бар. Ал, көкпаршы боламын дегендер жығылса да, жарақат алса да, қаймықпай қайта келеді. Осындай балалардан ғана мықты көкпаршы шығады. Өйткені, додаға түсу үшін, алдымен жарамды ат, екіншіден, жүректі жігіт керек. Ал, шеберлік бірте-бірте шыңдалады»-, дейді Жайылхан мырза.
Облыстық, аудандық жарыстарда жүлделерге ие болып жүрген жылқылардың жартысынан көбі Жайылхан мырза баптаған жылқылар десек болады. Атадан аманат болған ойынды насихаттап, жаңғыртып, ұрпаққа мирас ету бәрімізге парыз екенін де ескере кеткен жөн
«Ұлттың саулығы ұлттық өнермен байланысты. Ата-баба аманатын берік ұстанатын болсақ, қазақтың қадамы – нық, шаруасы – ширақ, тірлігі – тиянақты болмақ. Сол себепті де, мен ұлдарымды кішкентай кездерінен атқа отырғызып, шабуды үйреттім. Бұл әрбір қазақ баласының білуі керек дүние. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатырған бұл үрдісті ешқашанда ұмыт қылмауымыз керек. Үлкен ұлымды барлық жарыстарға жіберіп отырамын. Жақында облыста өткен көкпар жарысына барып қайтты. Ұлдарым елімізді осы ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан ұлттық жарыстан танытса, мен үшін нұр үстіне нұр болмақ»-, дейді Жайылхан Кулкаев.
Көкпар шабуды өзінің ұлдарының бойына сіңдіре білген Жайылхан ағамыз, алдағы уақытта да бұл спорт түрін әрі қарай дамыта бермекші.