Спорт десе, ішкен асын жерге қояды

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_29_29-2020_5.jpgҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті.


Спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Біздің ата-бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу да адамның қабілетіне байланысты болады. Бүгінгі таңда еліміздің еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде. Қазақстанда барлық спорт түрлері жақсы дамыған, оның ішінде волейбол. Бүгін спорттағы жеңістерімен өзі түлеп ұшқан академияның беделін көтерген қарапайым қазақтың қаракөз қызы Зәуреш Самбетова туралы айтатын боламыз.
Зәуреш Самбетова мектепте оқып жүргенінде оқушылардың алды болып, көптеген мәденикөпшілік іс-шараларына қатысып, бірталай республикалық, облыстық олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүрген. Сұхбат барысында Зәурештен спортқа қалай келгендігі туралы сұрадық. Зәурештің айтуынша: Волейбол ойын түрін 2008 жылы бастаған болатынмын. Мектепаралық, қалалық, облыстық жарыстарда ойнағанмын. Волейболмен алғаш айналыса бастағанымнан-ақ менің жаныма жақын екенін ұқтым десем болады. Ол кезде әлі кішкентай қыз болғандықтан, кішкене қиын болғаны да рас. Допты қатты соғу, ойынның қыр-сырын ұғыну үлкен жауапкершілікті талап етті. Біреулер ойлайды «волейболдың ешқандай ережесі болмайды, допты соғып жүре бересің» деп. Жоқ, бұл қате пікір, волейбол спорттың бірден-бір қиын түрі десек болады. Қарсылас командадағы әрбір қатысушының қимыл-әрекетін түсінуге тырысу керек. Академияда оқып жүргенде де волейбол үйірмесіне барып, ойнауымды тоқтатпағанмын. Осы 4 жыл оқу жылында Ресей еліне де, республикалық деңгейге де барып келгенбіз. Әлі күнге дейін аудандық жарыстар болса қалмауға тырысамын. Спорт – адамға өте қажет құрал. Неге, себебі, ұғына білсең, спорттағы әр ісің, ол мейлі қателігің болсын, мейлі жеңісің болсын барлығы өз кезегінде мән-мағынасын ұғындырып отырады. Сонда ғана сен спорттан алғың келген нәрсені аласың. Сырттай барлығы оңай болып көрінеді, бірақ, әр саланың болсын қиыншылығы ішінде екендігі мәлім. Өз-өзіңмен күресуді үйренесің, өзіңді қолға аласың, жаттығудағы әрбір тынысың өзіңе қымбат болып табылады. Ең қызығы, күнде әдістер мен тәсілдерді үйренесің, алда келе жатқан жарыстарға дайындаласың, сол дайындығыңның қандай дәрежеде болғандығының қорытындысын жарыс кезінде көресің. Сол жарыстың өтіп жатқан аралығында сенің мінезіңді, тапқырлығыңды, ақылыңды, ұстазыңның сенімен қалай жұмыс жасағандығын көрсетеді. Кейде отырып өкініп алатын кездер де болады,- дейді Зәуреш. Өзін бірнеше жылдар бойы жаттықтырған тренері Максим Хвостенконі мақтантұтатынын, сол кісінің шәкірті болғанына мақтанатынын айта кетті.
«Расында да кәсіби спорт өте қиын, көп жарақат аласың. Оны біреу соңына дейін емдейді, біреулер аяғына дейін жеткізбей жаттығуларын қайта бастап кетеді. Сол жағынан қателік болмаса, меніңше, қыз балаға спорттың ешқандай зияны жоқ. Мінезге келер болсақ, бала кезімнен әділдікті жақсы көретін мінезім болды және өзіме де қатал қарайтынмын. Егер бірнәрсе дұрыс шықпаса, ең бірінші, өзімнен кінә іздеймін. Өз-өзіме қаталмын. Спортқа келген соң бұл мінез одан сайын күшейе түсті. Мен үшін, ең бастысы. ол – әділдік. Адамда әділдік болса оған құрмет пайда болады», - дейді Зәуреш.
Сұхбат барысында Зәурештің жаны таза, нәзік, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор, спортпен қоса білімді де алғыр екендігі байқалды.
Алдағы уақытта Зәурешке спорт пен жұмыста биік белестерден көрініп, таңдаған мамандығының кәсіби шебері болуын тілейміз!
Балзина АТИМТАЕВА


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане