«Бақытты отбасымен» баспана алды

«Бақытты отбасы» бағдарламасымен ауданымыздың 6 тұрғыны баспана алды. Олар жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық несиемен баспанаға ие болды.


Алғашқылардың бірі болып құжаттарын өткізген және несиелік өтінімі бойынша оң шешім алған аудан тұрғыны – Марина Муканова. Несиелік өтінімі мақұлданып, жақын күндері қоныс тойын тойлайтынына Марина ханым өте қуанышты. Балаларының қамын ойлап жүрген ана, қазіргі таңда Қостанай қаласынан үй алған.
-Бұл отбасымның қуанышы, балаларымның берекесі деп білемін. Міне, Алланың қалауымен, мемлекеттік бағдарлама бойынша өзіміздің үйімізді алып отырмыз. Барлық қол ұшын созған жандарға алғыс айтамыз. Осы уақытқа дейін күтуге тура келді, себебі, өздеріңіз білесіздер елде карантин режимі басталып кетті,деседе, бүгін баспанамызға қол жеткізіп отырмыз,- дейді Марина Муканова.
Марина ханымның 6 баласы бар. Үлкен балалары ержетіп отбасылы болған, ал, бір қызы Қостанай қаласында білім алып жатыр, кішкентай ұлдары мектеп жасында. Қызының болашағын ойлаған ана, пәтерді қаладан алуды жөн көргенінде жасырмады.
Бағдарламаға көпбалалы және толық емес отбасылар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері 42 500 теңгеден аспауы керек (барлық салықтар мен зейнетақы жарналарын шегергенде). Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұратын болса, онда оның жалпы кірісі 255 000 теңгеден артық болмауы тиіс. «Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ескерер жайт, баспананы қарыз алушы тұрғын үй үшін кезекте тұрған аймақта ғана сатып ала алады.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане