- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 01.10.2020 06:24
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 554
«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген сөз қалыпты Ушинскийден. Ұстазға қатысты осы өлшемнен артық пәтуа жоқтай. Расында, мұғалім – мектептің жүрегі. Мемлекетті өрге сүйреуші күшке ие.
Осындайда ұстаздарға артылар жүктің қаншалықты ауыр екенін аңғарамыз. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған, 17 жыл ұстаздық салада тер төгіп, шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан Гүлнар Расулқызы Алиева сондай жүкті көтере білген педагог. 17 жылдық ерен еңбектің арқасында білікті маман «Қазақстанның үздік ұстазы» ордені, «Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылым академиясының» мүшесі төсбелгісімен, елеулі жетістіктері үшін қалалық білім беру бөлімінің мадақтамасымен, «Қ.И.Сәтбаев атындағы орденімен» марапатталған.
Гүлнар Расулқызы Алиева өзінің еңбек жолын 2003 жылы Қостанай облысы Аманкелді ауданының А.Нұрманов атындағы орта мектебінің биология пәні мұғалімі қызметінен бастап қазіргі таңда Тобыл орта мектебінде биология пәні мұғалімі және мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.
-Мектепке келген күнімнен бастап, еңбек жолымда бақытты күндерді кешіп жатқан жайым бар. Адам баласы өз мамандығына ғашық болу керек, мен сондай ынта мен ықыласпен келемін. Жұмысқа келгенде бәрін ұмытып кетемін десем болады. Егер бір салада біте қайнасып жүрген адамдарың жақсы болса, осы да адам үшін үлкен арқау бола алады екен. Өйткені, адам баласы өмірінің көбін еңбек етумен өткізеді. Еңбек етіп жатқан шаңырағыңда шаттық болса, қызметтестердің ыстық ілтипатына бөленіп жатса, қиындықтың жеңілдегені. Жұмысқа келгенде үлкен қызығушылық пен қуанышпен келемін. Осы салада жүргеніме ризамын,-дейді Гүлнар Расулқызы.
Қазақ даналығында «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деген қанатты сөз бар. Сөз төркінінде ұстаз алдын көрген шәкірт өз бойына барлық жақсы қасиеттерді жинап, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуға тырысары сөзсіз.
Қазіргі уақытта жас мамандарға қойылатын талап көп. Теориялық білімі мен іскерлік қасиеттерін ұштастыра білген ғана ұтады. Мен осыны жастарға жиі түсіндіріп отырамын. Себебі, өз ісін сүйген жан ғана білімнің шыңына жетеді. Мұны да ұмытпаған жөн, – деді мерейлі мұғалім.
Түйіндей айтқанда, «Жақсы ұстаз – шәкірттің бақыты». Себебі, ұстазы ұлағатты шәкірттің өмірлік ұстанымы ұлы болады. Мұны бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолынан байқадық.