Өжет те өткір тергеуші қыз

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_18_18-2021_4.jpgҚазіргі қоғамда әйел заты барлық істің қасынан табылады, кез келген қызметпен айналысады. Нәзік жандардың ер адамдармен қатар иық тіресіп, қызмет етіп жүргенін құқық қорғау саласында да жиі көруге болады.


Алайда, олардың өз қызметтерінің ауырлығына мойымай, шағым айтпай, күні-түні тынымсыз жұмыс істеулері таңқаларлық жағдай. Қызметпен қоса, жауапкершілік деген үлкен міндетті арқалаған олар қоғамның тыныштығын кірпік ілмей күзетуді жүрек қалауымен таңдап алған. Сондықтан, олар туралы айту, оларды мақтан тұту баршаның парызы десек қателеспейміз. Құқық қорғау саласындағы адам тағдыры шешілетін ең ауыр, ең жауапты қызметтің бірі - тергеу ісі. Осы салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы арасында аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Әсел Өмірзақованы ерекше атап өтуге болады.
Алғашқы қадамын ішкі істер органдарында оқудан бастаған Әсел ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясын тәмамдаған. 2016 жылдан бастап ауданымызда еңбек ете бастады. Құқық қорғау саласындағы қызметіне байланысты әңгімесінде Әсел Өмірзақова ішкі істер саласында еңбек ету өзінің бала күнгі армандарының бірі екенін айтып өтті.
Тағдыры қыл үстінде тұрған адамның өміріне «тергеу» жүргізу өте қиын іс. Бұл жауапкершілік тергеушілерден ізденімпаздық пен темірдей төзімді қажет етеді. «Алға қойған мақсатқа жете білу керек» деген қағиданы ұстанған Әсел Ауезқызының таңдаған мамандығы үшін еш өкінген емес. Нәтижелі еңбек, адамдардың ризашылығы, әріптестерінің құрметі және өз ісіне қанағаттану оның таңдауының дұрыс болғанын дәлелдейді.
Әсел Ауезқызы 2019 жылы азаматтық қорғаныс саласындағы еңбегі үшін ауданымыздың жастарының «Алтын кітабына» енген. Лауазымдық міндеттерін адал атқарғаны үшін және ішкі істер органдарының тергеу бөлімшелері құрылған күннен бастап 56 жылдығын мерекелеуге орай полиция бөлімінің басшысының грамотасымен марапатталған.
Сондай-ақ, Әсел Өмірзақова жастарға жол көрсетуші тәлімгер де деп айтуға болады. Өмірлік ұстанымы - «Алға қойған мақсатқа жету» екендігін атап кеткен полиция капитаны жастарға адам өмірінде мақсаттың жақсысы мен жаманы болмайды деп түсіндіреді. Тек сол мақсатқа жету үшін ерінбей еңбек ету керек. Өзіңнің табандылығыңның,еңбекқорлығыңның арқасында мақсатыңа жетіп, арманыңды жүзеге асырсаң, оның өзі үлкен еңбек, деп жас әріптестеріне өз тәжірибесінен түйгенін үйретеді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане