- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 22.07.2021 06:10
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 509
Кейде өз өмірлерін қатерге тігетін полицейлердің жұмысы қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін өз көзіңмен көргенде ғана сезінесің.
Полиция қызметкері - ел қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда сала мамандарының еңбегі зор. Иә, тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полиция қызметкерінің бірі аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Ануар Ибраев. 1995 жылы дүниеге келген Ануар бүгінде полиция қызметінде жұмыс атқарып жүргенінен 8 жыл болды. Жас маман болса да жақында полиция капитаны атағын алды.
- Әр мамандық өзінің қиындығымен, қызығымен қатар жүреді емес пе?! Біздің ағза түнде түрлі фаст-фуд пен жеңіл тамақ жеп үйренген. Бұл денсаулыққа зиян болса да, жұмыстың аты – жұмыс. Сенің әрбір уақытың маңызды. Шыны керек, отбасымызды көрмейтін күндер көп болды. Бұл жағдай – салада жүрген барлық әріптестерімнің басында бар жағдай,- дейді Ануар.
Жұмысының қауіптілігіне қарамастан Ануар осы мамандықты таңдап, әрі қарай халық алдында қызмет етуін жалғастыруда. Ануар «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша Ш.Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай академиясында білім алған. Аталмыш салада 2013 жылдан бастап қызмет етуін бастаған. Ануар бүгінде осы саланы таңдағанына өкінбейді, себебі, халық қауіпсіздігіне жауапты болу нағыз ер азаматтың ісі деп санайды. Жұмыстан тыс спорттық ойындардың белсенді қатысушысы. Түрлі жарыстардың жеңімпазы. Сонымен қатар, кәсіби түрде бокспен шұғылданады.
- Қажырлы іс қай уақытта да өзінің биік бағамын алары сөзсіз. Ал, ең қымбаты ол – халықтың сенімі, халықтың алғысы! Қай саланың маманы болмасын, бірінші кезекте халықтың алғысы екені сөзсіз.Сонда ғана, өзімізді бір жетістікке жеттік деп айта аламыз. Отбасы тірлігін, ошақ қасы міндеттерін екінші орынға ысырып, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» – деген нақыл сөздің көшінде еңбек етіп келеміз,- дейді Ануар Ибраев.
Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, Отанға деген адалдық пен шаңырақ шаттығын таразы басында тең ұстау, береке мен бірлікті сақтау – бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы.
Жүрегі елім деп соққан құқық қорғау саласының қызметкерлері бүгінде қоғам арасында ерекше беделге ие. Жыл санап оларға деген сенім арта түсуде. Ендеше, барша полицей қауымға айтарымыз, адал еңбек пен жүктелген жауапкершілікті сезіне білу – жұмыстың тәтті жемісі.