Еңбекпен елге танылған тұлға

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_38_Screenshot_3.jpg

Еңбек – адам өміріне қажетті материалдық, рухани және басқа құндылықтарды құруға бағытталған адамның іс-әрекеті.
Елбасының 2013 жылғы Жарлығымен белгіленген қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Мереке еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға, өнімді жұмысты ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және жұмысшы әулеттердің ежелден қалыптасқан дәстүрлерін нығайтуға және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсінуге бағытталған. Еңбек күні - бұл еліміздің барлық азаматтарын біріктіретін жарқын мереке. Осы мерекеге орай Тобыл станциясы локомотив депосының тепловоз машинисі Әсембек Тұрарұлы Балабаевпен сұхбаттасқан едік. 1986 жылдан бері теміржол саласында жұмыс жасайды. Параллель жатқан теміржол үстіне қаншама тағдыр, қаншама өмір байлаулы. Олардың көздеген мекенжайына аман-есен баруын қамтамасыз етушілер - тепловоз машинисі. Сан мыңдаған адам мен неше тонна жүктердің де рельстердің үстімен жүйіткіп отырып, діттеген жеріне жетуі Әсембек Тұрарұлының тікелей қызметіне байланысты. Яғни, қауіпсіздікті сақтау – басты міндет. Күннің аптап ыстығында да, қыстың қытымыр аязында да бұл қызметтегілерді жұмыс орындарынан табуға болады. Отыз бес жылдан аса уақытын теміржол қызметіне арнап келе жатқан Әсембек Балабаев теміржол саласы бойынша бірнеше марапаттарға ие болған. Отбасылы, 4 баласы бар. Темір жол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі басты салалардың бірі болып қала береді. Ал осы салада қызмет ететін Әсембек Тұрарұлы қоғамда зор сый-құрметке ие. Себебі, еңбекқорлық, жауапкершілік және адалдық – бұл әрбір теміржолшының бойынан табылатын қасиеттер. Еңбекпен көзін ашып, ғұмырын еңбекпен байланыстырған, алайда осы бір қарапайым ғана қоңыр тіршілігін дүниенің барша сəн-салтанатынан артық қойған. Қиындықтан мойымай, бейнеттен қажымай, тек болашағынан үміт күтетін, еңбекті ерлік деп бағалайтын ұрпақ тəрбиелеуге Әсембек Балабаев секілді адамдарды үлгі ете білсек қана жұлдызымыз оңынан тумақ.
Барлық қазақстандықтарды қыркүйектің соңғы жексенбісінде тойланатын «Еңбек күні» мерекесімен құттықтаймыз. Бұл мереке халқымыздың әлеуметтік және экономикалық жетістіктеріне бағытталған. Ол қазақстандықтардың Отанымыздың әл-ауқаты мен гүлденуін қамтамасыз ететін еңбекке деген құрметінің көрінісі болып табылады. Бүгін нағыз еңбектің бағасын біліп, жұмыстағы жетістіктерін мақтан тұтатындардың мерекесі. Адал және шексіз еңбегімен еліміздің экономикасының қалыптасуы мен дамуының негізін қалап, егемен Қазақстанның гүлденуі үшін айтарлықтай әлеует қалыптастырған еңбеккерлерге зор ризашылығымды білдіреміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане