- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 19.05.2022 06:31
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 409
Тобыл кенті «Думан» Мәдениет үйі ұйымдастыруымен Тобыл селолық кітапханасы, №2 Тобыл жалпы білім беретін мектебімен бірлесе отырып, «Отан отбасынан басталады» тақырыбында ақ жаулықты аналармен Халықаралық отбасы күніне арналған дөңгелек үстел болып өтті.
Шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол, әрине ақ жаулықты аналарымыз. Біздер ардақты аналарымызды, құрметті әжелерімізді ерекше құрметтеп, қошеметтейміз. №2 Тобыл жалпы білім беретін мектеп қабырғасында өткен кездесуде аналарымыз Даданова Шайзада Молдақышқызы, Шайкемелова Зүбайра Шайкемелқызы, Темірбекова Рыскуль, Мұқанова Жанар, Бірмағанбетова Айгүлмен отбасы құндылығы туралы әңгімелер айтылды. Ақ жаулықты аналарымыз бала тәрбиесіндегі отбасының маңызы мен мағынасына тоқталып, жас келіндерге ақыл-кеңестерін айтып өтті. Жас аналарда өз ойларын ортаға салып, отбасылық қызықты әңгімелермен бөлісті. Кездесу соңында ақ жаулықты әжелеріміз жас келіндерге «Ақ орамал» кәдесін жасап, үлкендік сый құрметтерін көрсетті. Қазақ тарихында ақ орамалдың философиялық мағынасы терең. Ақ түсті халқымыз тазалықтың, адамның ақыл-ойы мен жан дүниесінің тазалығы ретінде таныған. Адамзат өмірінің негізі болып саналатын ананың ақ сүті - өмір символы. Ата-бабаларымыздың ежелгі дәстүрі, яғни, ел мен елді татуластыру кезінде де ақ орамал ортаға тастаған. Абыройдың, адалдықтың белгісі ақ орамал жас аналарға естелік болып қалары сөзсіз. Кеш соңында «Думан» Мәдениет үйінің меңгерушісі, әнші Қабылдин Айбек аналарға гүл шоқтарын тарту етіп, «Ана туралы жыр» әнін жолдады.
Мереке қарсаңында біздің кешімізге келіп салиқалы да саналы ақыл - кеңестеріңізбен, ой - пікірлеріңізбен бөліскен аналарға мың алғыс! Құт болып әрбір үйден табылып, шуақ боп әрбір үйге жағыла беріңіздер!!! Әрбір отбасына күннің шуағындай шаттық, жылылығындай мейірімділік, қуаныш, береке, бақыт тілейміз!