9 мамыр - Жеңіс күні! Мәңгі ұмытылмас күн!

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_19_192023-1-9.jpg

Жеңіс күні – Қазақстан халқы үшін айтулы мереке. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған қазақстандық неміс фашизміне қарсы күресте жан алысып, жан беріскеніне тарих куә. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегі – бүгінгі жастардың мәңгілік есінде.
Еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні - бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. 9 мамыр күні - қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз.
Тобыл кентінде Ұлы Жеңіс мерекесінің 78 жылдығына арналған мерекелік шара жылдағыдай тобылдықтардың ұйымдастыруымен өткен автошерумен бастады. «Белгісіз жауынгер» ескерткіші алаңында Тобыл әкімі А.Есмағамбетов бастаған ел ағалары, ардагерлер және тұрғындар мен қонақтар қатысып, соғыста қаза болғандарға арнап, гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Тобыл әкімі А.Есмағамбетов жұртшылықты Ұлы Жеңіс күні – бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухына тағзым ететін қастерлі күн, Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады. Автошеру ұйымдастырушысы Бровко Александр Васильевичті алғыс хатпен марапаттады. Іс шара «Думан» Мәдениет үйі өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
Әрбір адам жанының басты байлығы – ата-баба естелігі. Бабалардың баға жетпес ерлігін бағалау мүмкін емес. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың барлығы өз Отанының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресті. Батырлар есімі мәңгі есте сақталады!
Новоильин ауылында Жеңістің 78 жылдығына арналған іс шара өтіп, «Белгісіз жауынгер» басына гүл шоқтарын қойды. Ауыл әкімі М.Таймасов өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ тұрғындары үшін дала асханасы ұйымдастырылып, барлық тілек білдірушілерге нағыз сарбаз ботқасы ұсынылды. Мереке шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды», – деген ұранды ұстанған елміз. Жаңа буын жас ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан, батырлық пен батылдықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане