Қажылық парызын өтеген

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_3_3-2019_5.JPGПарызын өтеу үшін Мекке мен Мәдинаға аттанған жерлесіміз Түрлібек Тәңіқұлов елге оралды.


Бес уақыт намазын берік ұстанған Апанов ауылының тұрғыны 70 шақырым жерден аудан орталығына келіп, сапқа тұруды бұрыннан әдетке айналдырған. Алланың қалауымен өткен 2018 жылдың желтоқсан айында жерлесіміз қажылық сапар парызын өтеп келді.
Түрлібек аға, қажылыққа баратындардың жасына шектеу қойыла ма?
– Қасиетті сапарға тым кішкентай балаларды апаруға шектеу қойылады. Өйткені, оларға қажылық парыз емес. Балиғат жасына толған, қаражаты жеткілікті, жолға денсаулығы шыдайтын мұсылманға өмірінде бір рет қажылық жасау – парыз. Кішкентай балалар кісі көп жерде қиналып қалуы мүмкін. Екіншіден, жасы сексеннен асқан, ауру-сырқауы бар қариялардың бармағаны абзал. Шариғатта өкіл қажылық деген түсінік бар. Мәселен, үлкен кісінің қаражаты бар, бірақ алыс сапарға шығуға денсаулығы шыдамаса, ол орнына бір өкілді белгілей алады. Өкіл жаңағы адамның атынан қажылығын өтеп келеді. Сонда барып келген кісі емес, жаңағы жіберген адам қажы атанады. Жасы үлкен адамдарға осындай жеңілдік ұсынамыз. Өкіл ретінде туысқанын, баласын, көршісін немесе жақын танысын таңдай алады.
Оқырмандарымызға үлкен қажылық пен кіші қажылықтың ара-жігін ажыратып берсеңіз…
– Ұмра немесе кіші қажылыққа кез келген уақытта баруға болады. Үлкен қажылық Құрбан айтпен байланысты болса, үлкен қажылыққа барып тұрып та, кіші қажылықты өтеуге болады. Тіпті, бір емес, бірнеше рет. Кейбір кезде таныстары барып жатса, менің атымнан кіші қажылық жасап жіберші деп өтініп жатады. Оның да сауабы үлкен. Кіші қажылық жасау үшін орта есеппен 3-5 сағат жеткілікті. Кіші қажылықта жеті рет Қағбаны айналып, тәуап жасайды, сосын Сафа мен Маруа арасында жеті рет жүгіреді, кейін шаш қысқартады.
Қажылық парызыңызды өтеп келген соң қандай сезімде болдыңыз?
Қажылықты армандаған жан Қағбаға жете алмайтын сияқты сезімде болады. Сосын қасиетті мекенге барғаннан кейін, елге қайтуды аңсайсың. Бір жағынан, ана жақта көрген сезіміңді, алған рухани азығыңды ата-анаңа, бауырларыңа, жолдастарыңа жеткізгің келеді. Ол жақта ешқандай уайым-қайғы жоқ, бәрін ұмытып кетесің. Басқа бір әлемге түскендей болып жүресің…Қажыға барып келген адамға ресми түрде бір міндет жүктелмейді. Бірақ та одан кейін рухани жүк сезіледі.
Айта кетейік, биыл елімізден 3000 адам қажылыққа барып қайтты. Жерлестерімізге 18 қажылық фирмасы қызмет көрсетті. Қазақстан Қажылық миссиясы жанынан құрылған уағыз-насихат, пәтуа, ақпарат, дәрігерлер тобы өзіне жүктелген міндетті толық атқарды.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане