«Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарғым келеді»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_14_14-2018_3.JPGПрезиденттің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын іске асыру мақсатында әр аймақта тек жетістігі, ісімен ғана емес, өзгеше ойлау, көзқарас, жаңа мүмкіндіктерді аша білу қасиеттері сынды адами ерекшеліктерімен көзге түсетін жандардың тізімі жасалды. Аудандық комиссияның шешімімен Қостанай облысының «100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде аталмыш тізімге Набережный ауылдық округінің мақтанышы Ренат Каримовтың да есімі жазылды.

Президент Н.Назарбаев иың сәуірде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген еді. Осы ретте, табысты жастарымыздың қоғамға сіңірген еңбегін көрсету, көпшілікке таныстыру үшін газетіміздің «100 жаңа есім» айдарында Ренат Каримов жайлы сөз қозғамақпыз.

1987 жылы дүниеге келген Наурызым ауданының тумасы бала кезінен-ақ спортқа қызығушылық танытқан екен. Президенттік көпсайыс пен биатлонды, жүзу мен баскетболды, волейбол мен жеңіл атлетиканы қатар алып жүрген жас спортшы алғашқы жүлделі орын алғаннан кейін спортпен одан сайын ықыластана айналысқанын айтады. Содан Набережный орта мектебін бітірген соң, Қостанай индустриалдық педагогикалық колледжге оқуға түседі. 2009 жылы қолына диплом алған жас маман сырттай Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының денешынықтыру және спорт факультетінде білім алады. Ал, еңбек жолын өзі түлеп ұшқан мектеп қабырғасында бастайды. Осы күнге дейін облысымыздың бірнеше дүркін чемпионы атанған, ҚР жеңіл атлетика бойынша чемпионатының қатысушысы да болған Ренат Каримов «Ерең еңбегі үшін» төсбелгісімен де марапатталды. Бүгінде талай спорттық жарыстарды бағындырған жаттықтырушы өзінің ізін басар шәкірттеріне үміт артатынын ғана емес, ол әңгімеміздің барысында: «Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарғым келеді», - деді.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане