Жабағы батыр туралы аңыз

b_600_290_16777215_00_images_images_2022_30_30-2022_1.jpgӘрбір адам, ең алдымен, өз елінің өткен тарихын, халқының салт- дәстүрлерін, туған Отанының табиғатын жақсы білуі керек. Сонда ғана ол өзге елдердің тарихын, басқа халықтардың дәстүрін, бүкіладамзаттық өркениет қазыналарын терең түсіністікпен қабылдай алады.


Тарихи және мәдени ескерткіштер халық мұрасы мен әлемнің мәдени мұрасының ажырамас бір бөлігі.
Тарихи және мәдени ескерткіштерінде Азаматтық және Ұлы Отан соғысы, жұмысшы табының еңбек ерліктері, біздің елімізде туысқан халықтардың достастығы көрнекті іске асырылған.
Журавлев ауылының жақын маңайында «Жабағы батырдың қорғаны» табылған. Жабағы батыр мәрт мінезімен, кесек қимылымен, тура сөзімен көпке үлгі, елге ұйытқы болып отыр. Оның қалмаққа қарсы соғыстарда ерекше көзге түскені белгілі.
Ел арасындағы аңызға қарағанда, Қыпшақ даласына ат қойып келген қалмақтардың үлкен тобы Жабағы батырдың ауылының дәл іргесінде ажал табады.Жасырын келген жауға қарсы қайрат қылып, қойдай қырса да, бұл шақта жау тартып батырдың астындағы атына оқ тиіп мерттігі, аттан түскен батыр жаяу соғысып, қылыштасып жүргенде ту сыртынан атылған оқтан жаралы болады. Бұл жарадан сау қалмасын білген қолбасшы сонда жұртын жиып: атаңа нәлет қалмақтың өліктерін сасытпай, үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміндер, ал күні ертең мен ол дүниелік болып кетсем, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тіріліп кетіп жүрмесін, үстерінен басып жатайын, - десе керек. Батыр бабаларының өсиетін ұрпақтары бұлжытпай орындаған. Батыр зираты шынында да қарауыл төбеге ұқсайды. Жабағы батыр елдің шетінде, желдің өтінде жастыққа жантайып жатқандай. Бажайлап қараған адамға, бұл төбе Жабағы батырдың мысындай, сұғанақ көзің қадаған дұшпанға көрсетіп жатқан сусындай.
Көнеден қалған дүниелер Жабағы батырдың ұрпағы Рақымберген ақсақалдың үйінде сақтаулы. Өтеміс Қалабаев пен Асылбек Ташбаев ақсақалдар жазып қалдырған шежіреге сүйенсек, Жабағы батырдан Үркімбай туады. Рақымберген ақсақалдың айтуына қарағанда, Жабағы батырдың немересі Бердалыдан, Кенжебай туған. Рақымберген Кенжебайдың баласы.
Жабағы батырдың туы және өзі ұстанған кесесі осы шанырақта. Оның туы төрт бұрышты, шетіне оюлап өрнектер салынған, тудың ортасында да өрнектер бар. Аят өзенінің жағасына таяу маңда орналасқан батыр баба бейіті ұрпақ санасында қасиетті орынға айналған. Мұсылмандар зиратынан сәл төмен түссеңіз, бұлаққа кезігесіз. Оның суын ішсеңіз жандүниеңіз жадырап, өзіңізді сергек сезіңесіз. Сондықтан да батырды әулие тұтып, басына барып түнеушілердің, тілек тілеушілердің армандары орындалып жатады деседі.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане