Жас ақындар сайысқа түсті

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_13_13-2019-4.JPGӨткен аптада С.Ерғалиев атындағы орта мектептің базасында аудандағы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен оқушылар арасында ақындар айтысы өтті. Оған аталмыш орталықтың басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Гүлбарам Тюлюбаева мұрындық болған.


Жас ақындар айтысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ, Жастар жылын қолдау бағытында ұйымдастырылды.
- Мұндағы басты мақсат - өткеннен мирас болып жеткен айтыс өнерін жастар арасында қазіргі заманға сай сипатта кеңінен өріс алуына жол ашу, одан әрі дамыту. Сонымен қатар, өнер әлеміне қадам басқан жас айтыскерлер мен жазба ақындар есімін айқындап, халық алдына танымал ету. Алдағы уақытта жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз,- дейді ұйымдастырушылар.
Айтыс 5-11 сынып аралығындағы оқушылар арасында өтті. Оған «Новоильин» «Тобыл» «С.Ерғалиев атындағы» орта мектептерінің А.Еркебұлан, Б.Ратбек, М.Айтуаров, А.Нурхельдиев, Д.Абдреуков, Е.Досымбай сияқты оқушылары қатысты.
Айтысқа айтыскер ақын Мамай Ізтілеу, Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Марат Шоңғалов, аудандық Қорғаныс Істер бөлімінің маманы Ақтолқын Кафизова сынды сөз өнерінен хабары бар жандар қазылық етті.
Қазылар алқасының сөзіне сүйенсек, оқушылардың дайындығы көңілге қонымсыздау. Тақырыпты ашу, тапқыр ой айту, суырып салуда кемшілік тұстар көп болған. Десе де, әр мектептің намысын қорғап келген үш жұп айтыстың көрігін қыздыруға тырысты. Шама шарқынша ірі тақырыптарға да ден қойғаны байқалды. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді қаузауды да ұмытпады. Мысалы, Новоильин орта мектебінің оқушысы Е.Асет ауылда намазхананың жоқ екендігін сөзіне арқау етті.
Қарсыластарын сөзбен түйреп, орамды ойлардың орайын келтірген бір оқушысы болса, сол Еркебұлан Асет болды. Сондықтан оған қазылар алқасы бас жүлдені берді. С.Ерғалиев атындағы орта мектептің оқушысы Ерасыл Досымбай 1-орынды қанжығасына байлады. 2-орын Тобыл орта мектебінің үмітін арқалап келген Бекзат Ратбекке бұйырса, 3-орынды С.Ерғалиев атындағы орта мектебінің оқушысы Дінмұхаммед Абреуков еншіледі.
Жеңімпаздар Жастар ресурстық орталығының грамоталарымен, сыйлықтарымен марапатталды.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане