БАЛА – БАҚЫТ, БАЛА – БАЙЛЫҚ

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_22_22-2019_8.JPG«Өмірдің бір қызығы – бала деген». «Балалы үй – базар». «Бала – болашағымыз». Бұл-әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі, адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі.
Барша адамзат үшін ең маңызды мереке – 1 маусым – балаларды қорғаудың халықаралық күні. Бұл – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы озық тұр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді.
Осынау шуақты мереке қарсаңында балалардың жүзіне бақыт күлкісін сыйлап отырған Хасеновтар отбасы жайлы әңгімелемекпіз. Хасеновтар көпбалалы отбасы, 4 баладан кейін Гүлнар ханымның айтуы бойынша жас кезінен арманы орындалып 2 баламен отбасын толықтырыпты. Ол сүйкімді балалардың есімі Ткач Айгерім мен Ткач Темірлан. Гүлнар ханымның айтуы бойынша Айгерім ән айтуды өте қатты ұнатады, ал Темірлан Ұлы Абай атамыздың өлеңдерін оқығанды жақсы көреді екен. «Балаларым еліміздің лайықты азаматы болып өседі деп үміттенемін. Қазір − бірлігі жарасқан отбасымыз! Менің балаларым оларға бауыр басып қалды, тіпті қайсысының өз балаң, ал қайсысының өз балаң емес екенін де ажырата алмай қалатын жағдай болады, бір-бірін құрметтеп, қарасады», − деді Гүлнар Калиевна. Айгерім мен Темірлан қазіргі таңда қазақ тіліне қызығушылықтары артып, үйде де, достарымен де қазақша сөйлесуге тырысады екен.
Жас балапандар – баршамыздың бақытымыз, болашағымыз. Бүгінгі бүлдіршіндер ертеңгі қасиетті даламызды гүлге бөлейтін еліміздің тірегі, ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жеріміздің иесі. Тəуелсіз мемлекетіміз осылар арқылы гүлденеді, осылардың жан-жақты тəрбие, сапалы білім алып өсуі арқылы кемелденеді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане