- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 23.04.2020 06:31
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 922
Осыдан тура 3 жыл бұрын, 19.04.2017ж, Астана Медицина Университетінде оқу бітірушілерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңке республика көлемінде ұйымдастырылғандықтан Қазақстанның барлық облыстарынан жас маман іздеп мекеме басшылары, орынбасарлары және басқа да қызметкерлері жиналды. Бәрінің мақсаты – студенттерді барынша баурап, қызықтырып, оқу бітірген соң өз мекемесінде жұмыс істейтіндей етіп келісімшарт жасасуға көндіру. Назерке екеуміз де аталған жәрмеңкеге қатыстық. Университет холында ығы-жығы адам, құдды бір базар дерсің. Қарап тұрып, солтүстік облыстары медицина мамандарына мұқтаж екенін байқауға болады. Бір облыстар үстеліне өз мекемелерінің аты жазылған қағазды үшбұрыш етіп бүктеп қойып, жас мамандарды күтуде, ал енді бірі бәрін тастап, студенттер көп шоғырланған жерлерге жақындап, өз ұсыныстарын жеткізуде. Біз де бір-екі үстелге жақындап сөйлестік, ұсыныстарын тыңдадық. Бәрінің ұсынғаны-70 АЕК көлеміндегі бір реттік көтерме ақы және қызметтік пәтермен қамтамасыз ету. Ал, қоятын талабы бір: таңдаған мекемеде 3 жыл қызмет атқару керек. Жалпы, ұсыныс жаман емес. Содан жәрмеңкені аралап жүріп көпшілік арасынан ұзын бойлы, азырақ ақ түскен шашын артқа қайырған, қолында қалам мен қойын дәптер (блокнот) ұстаған орта жастағы адамды жолықтырдық. Қасында екі-үш студент, оларға бірдеңе айтып түсіндіруде. Жақындағанымызды байқап, бізге қарай бұрылды да, өзін Таран аудандық ауруханасының бас дәрігерімін деп таныстырды. Біз біріміз хирург, біріміз терапевт екендігімізді айтып жауап қаттық. Мені хирург деп ойласа керек, «Маған жұмысқа келсеңдер, операцияларды өзім үйретемін, мен өзім хирургпын» деді маған қарап. Мен Таран деген атауды алғаш естуім, қай жерде орналасқанын сұрадым. Ол аталған аудан Қостанай облысында орналасқанын айтты, сосын қолындағы қағазға үш нүкте салып, екі алшақтау жатқан нүктелерді Лисаковск және Рудный қалалары деп ойша белгілеп, ортасындағы нүктені Таран ауданы деп түсіндірді. Сосын бас дәрігер жұмыс жөнінде, ауданның облыстағы басқа аудандармен салыстырғанда артықшылықтарын айтты. Біздің оңтүстік өңірінен келгенімізді білген соң, ол ауданда жерлестеріміз жұмыс істейтінін жеткізді. Телефон номерімізді жазып алды. Көп ұзамай ауруханада хирург болып қызмет атқаратын Мақсат есімді жерлесіміз хабарласып, жұмысқа шақырып, бәрі жақсы екенін айтып жеткізді. Екі-үш сағатқа созылған жәрмеңке өз межесіне жетті. Жәрмеңке аяқталған соң, университет маңындағы бас дәрігер жайғасқан қонақүйге барып, қағаздар толтырып, келісімшарт жасастық. Сосын үйге қайттық. Менің бұл ауданды таңдауыма бірден-бір себеп болған сол қағаздағы алшақтау жатқан екі нүкте, яғни Лисаковск және Рудный қалалары. Неліктен? Себебі екі қала да-біз бала кезімізден естіп, мектепте табиғаттану, география пәндерінен оқыған, кенге бай, әлемге танылған қалалар. Ал, атақты қалаларды көру, ол аймақтарда тұру, қызмет атқару-үлкен абырой емес пе? Тіптен, Таран ауданында қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлин туылғанын да кейін білдім.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дәрігер – Африкада да дәрігер, қай жерде, қай елде қызмет атқармасаң да, мойныңа халық денсаулығын сақтау жүктелген соң, оны арқалау міндетің. Сол күн біздің тағдырымызды шешкен күн болды. Бәлкім, басқа ауданды таңдағанымызда, жағдайымыз біршама жоғары болар ма еді, немесе керісінше, төмен болар ма еді?! Жоқ, жағдайымыз орташа, және ең бастысы сол-ауданға келіп, жаман болған жоқпыз. Азды-көпті науқастарға көмек қолын беріп, ауруынан айығуына септігіміз тиді. Біздің тұсымызда аудан атауы Бейімбет Майлин болып өзгерді, бұл да-ертең тарихта ойып тұрып орын алатын дерек. Ұлды болдым, есімін жақсы ырыммен Бейімбет деп қойдым. Бәрі жақсы, бәрі керемет. Жаратушыға шүкіршілік. Өткен күн-тарих, ал сол күндерді еске алудың өзі бір ғанибет.