- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 06.05.2020 07:44
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 986
Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.
Сол патриоттық сезімін елге таныта білген әжелеріміздің бірі - Әмина Баймағамбетова. Әмина апамыз 1928 жылы Нелюбин ауылдық округінің Мынатыз деген ауылында дүниеге келген. Ерте жасынан анасынан айырылған апамыз, балалық шақтың ауыртпашылықтарының дәмін татып өсті. Әрине, бала сондықтан да бала, қандай қиыншылықта болса да сол заманға сәйкес балалық шақтары болды. Олар әкесінен хат алса да, бір үзім нанға да шын жүрегімен қуана білді. Сондықтан, Әмина апамыз жастайынан жігерлі қыздардың бірі болып өскен.
- Бала күнім ел басына нәубет келіп, халықтың күлкісінен гөрі күрсінуі көп болған заманда өтті. Зар еңіреген ана, жесір қалған әйел, жетім болған бала. Бірін-бірі жұбатқан адамдар осындай сәттердің куәсі болдық. Сондықтан да күліп еске алатын естеліктен гөрі, күрсіндіріп, көзімізді жасқа толтыратын өткеніміз болды, — деп еске алды апамыз.
- Бір күні есіктің алдында айқай-шу басталды. Ауылдағы іске жарайтын адамдардың барлығын соғысқа алып кеткен. Ауылдың үлкені маған келіп: «Осы ауылдың қыздары мен әйелдеріне енді сен қарайсың, таңатысымен ешкімді аямай, егістікке шығып, еліміз үшін еңбек етулерің керек. Ешбір жас-кәріні аямай, жұмысқа сал»,- деп кетті. Сол күннен бастап, барлығымыз таң азанымен егістікке шығып, масақ теріп, еңбек ететінбіз. Бір күні мені ауылдың кеңсесіне санаушы ретінде жұмысқа шақырды. Сол жерде қызмет еттім. Қазір айтсам, сіздерге өтірік, бізге шын, бір нанғысыз дүние болды ауылда. Мынатыз ауылының жанында көл болатын, сол көлде соғыс басталған жылы кенеттен балықтар пайда болды. Біз ол кезде балық аулауды дұрыс білмейміз, аулымыздағы орыс ұлттары балықты аулап, біз сүт, айранға балықты айырбастап алатынбыз. Ең таңқаларлығы, соғыс аяқталған жылы көлде балықтар жоқ болып кетті. Бұл да бір Құдайдың бізге сол жылдары берген көмегі деп ойладық. Ол жылдар ешбір адамның есінен кетпейді. Құлақпен естіген бір бөлек, көзбен көрген, оны сезінген бір бөлек дүние. Сондықтан, соғыс жылдарын еске алу қиынның-қиыны»,- дейді Әмина апамыз.
Ауыр балалықты басынан өткерген Әмина апа бүгінгі күніне мың да бір шүкіршілік етеді. Соғыс аяқталғаннан кейін, сол жылдары тұрмысқа шыққан ол, жолдасына да, балаларына да өте разы. Бүгінгі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған асыл ана.
«Соғыстың қысылтаяң кезеңінде тыл еңбекші халқы кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таңсәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан ерлігін, «өзім жемесем, жемейін, өзім ішпесем, ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» – деген игі ниетті асыл сезімін ешкім есінен шығармауы тиіс. Әсіресе, жастарымыздың санасын керексіз дүниемен уламай, ата-әжелерінің ерен еңбектерімен байыту керек. Өйткені, біз осы жастардың болашағы үшін жұмыс істеп, азаматтарымыз жерімізді қорғады емес пе?!»,- дейді апамыз.
Бүгінде талай таңдарды басынан өткерген тыл ардагерлері назардан тыс қалмай, елеп-ескеріліп, алғыс білдіріп жатыр. Балалығын соғыс ұрлаған қарттарымыз қазіргі бейбіт өмірге шүкірлік етеді. Ел тыныштығы бұзылмай, мәңгілік бейбітшілік болуын тілейді.