- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 04.06.2020 06:32
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 941
«Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз?!» деп жастықтың жасыл әуезіне малынар мектеп бітірушілер кеші де мектеп қабырғаларында өтті.
Биыл ауданымыз бойынша 97 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде биылғы жылы 3 түлек алтын белгімен алтын ұя мектебін тәмамдаса, 5 түлегіміз үздік аттестатпен аяқтап отыр.
Әлбетте, «Бесіктегі баланың күлгенін көрген – бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген – бір мұрат» дегендей, мәпелеп өсірген баланың ел қатарлы орта білім алып шығуы, алдымен, ата-анаға мерей, ал, аттестат алған албырт жастың алдында сыры мен сыны көп үлкен өмір тұр. Сондықтан да мектеп бітірушілер кешінде түлектердің көз жанарында келіп қалған мөлтіл жаста «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» аяулы ортаға деген қимастықтың сыры да, алға жетелейтін армандардың жыры да бар.
С.Ерғалиев атындағы орта мектебін (жоғарғы фотода) 11 түлек бітіріп, 1 алтын белгі иегері бар. Ол Дана Хусаинова. Барлық спорттық, шығармашылық, білімділік олимпиадаларына белсене атсалысып, оқуда үздік оқушы атанып, мектеп бітірер кеште алтын белгі иегері төсбелгісін алды, сонымен қатар, Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетовтың құттықтау хаты табысталды. 11-сынып түлектерінің ішінде 2 оқушы үздік аттестатпен тәмамдап отыр. Олар-Әсел Адилова мен Айдана Мендығалиева. Бұл оқушылар да-облыстық, аудандық жарыстардың иегерлері атанып жүрген мектеп мақтаныштары болған түлектер. Мектепте дәстүрге айналған «Жыл оқушысы» номинациясы бойынша облыстық, аудандық шығармашылық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушысы Ақбота Берік марапатталды.
Май орта мектебінің түлектері (төменгі фотода) де оқу жылы бойы үздік мектептер қатарында болды десек, қателеспейміз. Көптеген жарыстардың жеңімпаздарын ұясынан ұшырған бұл мектепте де білімді дарынды түлектер көп десек болады. Биылғы жылы Май орта мектебін 7 түлек аяқтап, Анна Савицкая және Яна Флят алтын белгімен тәмамдады.
Айтулы мерекеде сөз алған мектеп директорлары түлектердің алдағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден сәтті өтулеріне тілектестігін білдірді.
Жиында ата-аналар түлектерге өмірлік біліммен сусындатқан ұстаздардың үмітін ақтап, елдің абыройлы азаматтары болуына тілектестігін жеткізді. Шара барысында жас түлектер үшін қобалжи күткен қоңырау үні естіліп, кезекті оқу жылы да аяқталды.