Тобыл кентінде үш бөлмелі пәтер «Ажар» мешіті игілігіне тапсырылды

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_31_31-2020_4.gifЗұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер болып есептелінеді. Сондықтан осы кезде ынтамен ғибадат ету, көбірек ізгі іс істеу қажет. Арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген (Муслим). «Құрбан айт қарсаңында бір жақсылық жасаған адамға Аллаһ Тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанда басқа айлардың сауабын жазады» дейді.


«Біз біргеміз» Республикалық акциясы аясында «Дорстрой материал – XXI» ЖШС басшысы, «Жомарт жүрек» демеуші- Марченко Владимир Анатольевич Құрбан айт қарсаңында Тобыл кентіндегі «Ажар» мешітіне бесқабатты үйден үш бөлмелі пәтерді мешіт игілігіне табыстады. Бұл тосынсый жүрегі иманға ұйыған жамағатты тебірентті. Биылғы жылғы құрбан айт үлкен қайырлы іспен бастау алды. Осы өңірге қызметке келуге ниетті имамдардың жағдайларын жасау қиындау болатын, ал, Алланың қалауымен болып отырған мынадай шапағатты игі іске жамағат қуанып қалды. Кәсіпкердің ізгі қадамы өзге де қалталы азаматтардың мұқтаж жандарға көмегі тиюге септігі тиері сөзсіз.
Бұл Тобыл кентіндегі «Ажар» қасиетті мешітінде ауыз толтырып айтарлықтай көптен күткен іс. Жергілікті тұрғындар атынан аудан әкіміне арнайы хат жолданып, келген имамдардың жағдайын жасау жөнінде алқа мүшелері, ақсақалдар мен ақ жаулықты ана- әжелер бірігіп, бір үй қарастыруын өтінген. Міне, 30 шілде – сауабы мол Арапа күні мешіт бір пәтерге ие болып отыр. Осындай іске ат салысып отырған билік басындағылар және демеушіміз «Дорстрой материал – XXI» ЖШС басшысы - Марченко Владимир Анатольевичке, оның ұжымына мешіт жамағаты көптен көп рақмет айтып, алғыс білдірді.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Ж.Калимова аудан әкімшілігі, «Nur Otan» партиясы атынан жылы ықыласын білдіре отырып, «Дорстрой материал – XXI» ЖШС басшысы Марченко Владимир Анатольевичке аймағымыздың дамуына үлкен үлес қосқаны үшін алғыс хат тапсырды. Ал Б.Майлин ауданы «Әйет» мешітінің имамы Нұраханов Аязбек Жұмабайұлы «Иман және заман» атты кітап табыс етті.
Игілік пен бірлік, ізгілік пен мейірімділік мерекесінде жасаған дұға-тілектеріңіз бен сауапты амалдарыңызды Алла тағала қабыл етсін! Жер бетінде тараған індеттен сақтап, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін! Елімізде тыныштық, отбасымызға амандықта болып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане