- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 24.09.2020 06:09
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 762
Бәрімізге белгілі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған өз Жолдауында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп атаған болатын.
Ондағы басты мақсат – ерікті қызметке жастарды тарта отырып, қоғамда белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыру болатын. Жолдауда аталып өткендей азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін мойындауымыз керек. Бүгінде күн санап оған көзіміз жетіп келеді. Ортамызда туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген атымтай жомарт азаматтар жетерлік. Айналасына жанашыр меценаттарға, бизнес-құрылым өкілдеріне, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
Бүгінгі кейіпкерімізде өзінің талмай еңбек еткені үшін лайықты құрметке ие болды. Бұл жас қыз өзінің денсаулығын ойламастан, елімізде болып жатқан індеттен халыққа көмек қолын созу үшін аямай еңбек етті. Ол-Ксения Стецюк. Белсенді жас, 2018 жылдан бері жастар арасындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ерікті жас ретінде жастарға, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге, ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға арналған қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырғаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталған болатын. Бәрімізге мәлім, қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде «Еңбек күні» деп белгіленген болатын.Бұл мереке Ксенияның да жас кезінен басталған мерекесі деп білеміз. Себебі, Ксения бүгінде аудан өмірінде аянбай еңбек етуде.
- Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген махаббаттан басталатыны белгілі. Сол себепті менің ауданымыздың өркендеп дамуына кішкене де болсын өз үлесімді қосқым келеді. Биыл еріктілер тобына кіргеніме 2 жылдан астам уақыт өтіпті. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін еріктілікте мен көп нәрсеге үйрендім, өмірдің әрбір дайындаған сынағына дайын болуды да үйрендім десем болады. Себебі, көптеген жандарға көмек қолын созып жүргенде, адамдардың қаншалықты батыл әрі қиындыққа төзе білетіндерін көрдім. Мен үшін бұл үлкен сабақ. Еліміздегі індет ешбір жанды аямады, бірі ата-анасынан айырылса, бірі ата-әжелерінен айырылып жатты. Осындай қиын сәтте өз міндетімді адал атқаруға тырыстым. Қарияларымызға дәрі-дәрмектерін алып барып, көпбалалы отбасыларға азық-түліктерін таратуға көмектестім. Сол үшін бүгін, міне, еңбегімнің жемісін көріп отырмын десем болады. Осы бір індеттен еліміз аман шығып, туған-туыстарымыз ауырмай, жеңіп шықсақ, әлі талай белестерді бағындыратымыз сөзсіз. Адам өмірде түрлі сынаққа түссе, шытырман шеңберден шығуда қоғам қамқорлығының маңызы зор. «Сауап» деген сөздің мағынасы қаншалықты терең болса, біздің борышымыз мейірімнің, жанашырлықтың негізі,- дейді жас ерікті Ксения Стецюк.
Татулығы мен бірлігі жарасқан халқымызда «асар» деген де ұғым бар. Ел арасында қалыптасқан үлгілі үрдісті бүгінгі еріктілер қауымының тірлігімен ұқсас деуге болады. Ал, бүгінгі кейіпкерімізді «Еңбек адамы» десек артық айтпағанымыз. Болашағы айқын жастардың алар асулары да биік болмақ.