Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_7_7-2021_6.jpgКеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті.


Аталмыш шараға аудан мәслихатының хатшысы Сүндетбай Сапабеков, қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Жәдігер Негмеджанов, Ауған соғысы ардагерлері, сонымен қатар, мекеме басшылары қатысты.
- Бүгін біз Ауған соғысында опат болған жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол бір қатыгез соғыстың аяқталғанына биыл 32 жыл толып отыр. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер бүгінде ортамызда жоқ. Алайда олардың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді аудан мәслихатының хатшысы Сүндетбай Сапабеков.
Сонымен қатар, жастарға патриоттық тәрбие беруде еңбек етіп жүрген интернационалист жауынгерлерге ризашылығын білдіріп, дендеріне саулық тілеп, бүгінгі жастар тарихпен мақтануы керектігін, ел үшін ерлік көрсеткен, жанын қиған жауынгерлерді әрдайым есте сақтау керектігін атап өтті.
Ал, қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Жәдігер Негмеджанов Ауған соғысының ардагерлеріне зор ризашылығын білдірді.
- Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар күн! Ауған соғысына қатысқан азаматтар – ерекше азаматтар. Сіздерге құрметім зор. Жасаған ерліктеріңіз үшін сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Сіздер жастарға үлгісіздер, – деді басшы.
Жыл сайын, 15 ақпанда Отан шегінен тыс қызметтік борышын өтеген жауынгерлерді еске алу күні барлық жерде атап өтіледі. Бұл күн 2010 жылдың соңында біздің елден тыс әскери іс-қимылдарға қатысу кезеңінде Отанға деген адалдық танытқан отандастарымызға құрмет пен ризашылықтың белгісі ретінде белгіленді.
Соғысқа қатысқандардың ішінде ауданының 86 тумасы бар. Ауданымызда қазіргі таңда 20-дан астам Ауған соғысының ардагерлері тұрады.
Соғыста қаза тапқандар туралы нақты мәліметтер белгісіз. Түрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл шығындар 1 миллионнан 2 миллионға дейін болуы мүмкін. 850 мыңнан бір жарым миллионға дейін адам босқын болып, негізінен Пәкістан мен Иранда қоныстанды.
Жиналғандар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ерлікпен опат болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Осынау күнді және қаруластарын еске алуға келген Ауған соғысы ардагерлерінің бірі – Жұмабек Мадиев.
- Соғысқа жастайымыздан аттанып, еліміздің намысын қорғау жолында оққа ұштық. Қуанышымзға орай, аман-есен елге оралдық. Бірақ ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Енді соғыс болмасын! Еліміз аман болсын! Жастарымызға патриоттық тәрбие беруге атсалысамыз, – деді Ж.Мадиев.
Ауған соғысы ардагерлін тасада қалдырмай, жыл сайынғы мерекелік кешті, биылғы жылы Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйі өнерпаздары онлайн форматында мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Сонымен қатар, 15-ші ақпан күні Ауған соғысы ардагерлері аудан әкімінің мадақтамасымен марапатталды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане