Әлемнің жарығын сыйлаған - Ана

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_8_8-2021_1.jpgАна... Осы үш қана әріптен құралған ұлы сөзге әлемдегі барлық жылулық, барлық пәк сезім, барлық бақыт пен махаббат, тіпті бүкіл жаһан сыйып кеткендей.


Гүлстан Оразалиева Елизаветин ауылының тұрғыны бүгінде бақытты көпбалалы ана. 4 баласы бар Гүлстан анамыз өзінің балаларына ерекше риза екенін білдірді. Қызы Әсемай Елизаветин ауылында кітапханашы, ал, ұлы Асабек қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, ал, қызы Дариға мен Асқар мектеп оқушылары. Ұлы Асабек аудан намысын қорғап, біршама жарыстарға қатысып жүрген спортшы десек болады. Аты аудан жұртына таныс бала, республикалық деңгейдегі көкпаршылар құрамында. Ұлы Асқарда ат шабыстан тасада қалмаған. Әкесінің артынан ерген Асқар жігітіміз облыс деңгейінде бәйге шапқан жас спортшы болып саналады. «Жігітке жеті өнерде аз» деп жатамыз, дәл осы екі ұлдың бойынан осындай ерекше қасиеттерді байқадық. Қыздары Дариға аудан бойынша «Көркемсөз шебері». Дәл осындай дарынды да талантты балаларды тәрбиелеп өсірген Гүлстан анамыздың алдында бас иеміз. Қызы Әсемай аналары туралы былай деп айта кетті:
- Дүние есігін ашқаннан бері асыл анамыздың аялы алақаны мен жылы құшағының арқасында ешқандай қиындықты сезінбей өсіп келеміз. Әкем мен анам біздің болашағымыз үшін талмай еңбек етуде. Бізді қатарымыздан қалмай, білім алып, еліміздің елеулі азаматтарының бірі болса екен деп тілейді. Біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген анамның қасымызда екеніне өте қуанамыз. Оның таңертең еркелетіп оятқаны, кейде көңілсіз болсақ, келіп жып жылы алақанымен маңдайымыздан сипап, ауыра қалсам, қасымнан кетпей қинала қарайтын жанары – бәрі бізге ерекше күш беріп, сәуле шашқан күн сияқты.
Қателігімізді түсініп, бір ауыз жылы сөз айтып, кешірім де сұрамайтынымыз рас. Иә, «алтынның қолда барда қадірі жоқ» екенін біреуіміз түсінсек, енді біріміз түсінбейміз. Бала үшін ананың орны бөлек. Ана – бұлақ, біздің өміріміз анамызбен көрікті.
- Осы сәтті пайдаланып анамызға үлкен алғыс айтқымыз келеді. Аяулы Анам! Сізге деген жүрегіміздегі ризашылық сезімімізді қаншама сөз маржанын терсекте, жеткізе алмаспыз. Бұл дүниеде сенімен ғана бақытты екенімізді білеміз. Анашым, біз үшін дүниенің бар асылы – бір өзіңсің! Сіз – ақылшымыз, сіз – тірегіміз, сіз – кәусар бұлағымыз,- деп жылы лебіздерін білдірді.
- Негізінде дана халқым «Бір қозы туса, жусан айыр өседі », «әр бала өз несібесімен туылады» және «Аллаға тәуекел ет» деп бекер айтпаған. Расында баланы асырайтын да, бағатын да біз емес, құдіреті күшті Алла екенін ұмытпағанымыз жөн болар. Біз жай ғана амалын істеп, әрекет етсек, ризық несібенің өзі — ақ Алладан келеді. Алла ешкімді тастамайды және аш қалдырмайды. Сол себепті, әрбір баламның өз несібі бар. Әрбірі менің өмірімде ерекше орын алады,- дейді Гүлстан анамыз.
Ел қорғаған батыр да, сөз маржанын терген ақын да ананың құрсағынан жаратылды. Алтын құрсақты аналарымыздың арқасында небір даналар, небір ғалымдар, небір батырлар, хандар мен билер дүниеге келді. Аналарымызға Алғыс айтуды ешуақытта ұмытпайық!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане