- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 14.04.2022 06:29
-
Автор: А.Ниязбек
-
Просмотров: 2415
«Ел үлесі пәтерге» жобасы бас мүфтидің ұсынысымен қолға алынған игілікті шара. Мақсат – мұқтаж отбасыларға баспана алып беру.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Республика бойынша 534 пәтердің кілті Набережный ауылдық округінің тұрғыны, 5 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты жас ана Байжумина Жанар Жүнісқызына табысталды. Облысымыз бойынша бұл 16 баспана беріліп отырған. Екі бөлмелі пәтер 1 млн. теңгеден астам қаржыны құрайды. Баспана табиғи газ, ауыз сумен жабдықталған. Жергілікті атқарушы билік пәтерге толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді.
– «Ел үлесі – пәтерге» – тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға халық болып қаражат жинап, үй алып беруді көздейтін жоба. Осылайша, жоба аясында – облыстық мешіттің және жамағатының қолдауымен аудан көлеміндегі мешіттерде жиналған қаражаттың арқасында жалғызбасты анаға Елазаветинка ауылынан үй алып бердік. Осынау сауапты іске облыстағы мешіттердің жамағаты белсенді түрде атсалысты. Бізді қолдаған барша жамағатқа Сіздердің атыңыздан Алғыс білдіргіміз келеді. Бүгінгі қуаныш иесін жаңа баспанасымен шын жүректен құттықтаймыз. Қоныс құтты болсын,- деді Қостанай облыстық мешіттің бас имамы Бақытжан қажы Икрамұлы.
Жанар Жүнісқызы баспанасыздықтың зардабын көп тартқан. Мұқтаждықтың салдарынан балаларымен бірге апасының үйінде тұруға мәжбүр болған екен. Жанардың үлкені тұрмыста, үш баласы студент, кішісі 6 сыныпта оқиды. Балаларының барлығы да білімді, алғыр болып өсіп келеді. Жанар өзі күнкөріс қамымен Рудный қаласындағы мектептердің бірінде еден жуушы болып қызмет істейді. Рудный мен Елазаветинканың арасы 25 шақырымға жуықтайтынын ескерсек, күнделікті қатынап жұмыс істеудің қиыншылығын өзіңіз бағамдай беріңіз. Осыған орай аудан әкімі округі әкіміне Жанарға жергілікті жерден жұмыс тауып беруді тапсырды.
«Ел үлесі пәтерге» жобасындағы пәтер кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімі, облыстық мешіттің өкілдері, «Зекет» қорының өкілдері, Рудный қалалық мешітінің бас имамы, аудандық мешіттің имамы қатысты.
Аудан басшысы Қайсар Мыржақыпов баспана иесі Жанар Жүнісқызын құттықтап, ыстық ықыласын білдірді, көлемді кілемді сыйға тартты. Аудандық «Әйет» мешітінің имамы Ислам Хамзин пәтер иесіне газ плита және төсеніштер сыйлады.
Өз кезегінде Жанар Жүнісқызы жанашырлық танытып, қолдау білдірген облыстық мешіттің, аудандық мешіттің өкілдеріне, аудан әкіміне, жергілікті әкімдікке шексіз алғысын білдірді.