Елубай Өмірзақовқа мемориалды тақта орнатылды

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_7_7-2019-2.JPGҚазақ халқы - шежірелі тарихы бар ұлы халық. Сол тарихымызда өнер әлемін дамытуға атсалысқан көрнекті тұлғаларымыз аз емес. Театрдың негізін қалаған, ұлтымыздың құндылықтарын насихаттап, актерлік өнердің қалыптасуына сүбелі үлесін қосқан азаматтардың бірі – Елубай Өмірзақов.


Өткен аптада әйгілі актер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Елубай Өмірзақовқа арнап аудандық мәдениет үйінің ғимаратына мемориалды тақта орнатылды. Айта кету керек, аудандық мәдениет үйіне Елубай Өмірзақовтың есімі берілген болатын. Бұл игі іске аудан әкімшілігі мұрындық болған.
Алдыменен, баба ұрпақтары мешітте болып, құран бағыштады.
Тақтаның ашылу салтанатына аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, Елубай атамыздың жиендері қатысты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айнаш Даданова, Е.Өмірзақовтың жиені Гүлфара Өмірзақова салтанатты жиында атамыздың өнегелі өмірінен сыр шертті.
Тақтаны ашу құрметі аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сапабеков пен Г.Өмірзақоваға берілді.
Аудандық «Әйет» мешітінің имамы И.Хамзин бата берді.
Бұдан кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
Мерекелік концерттің шымылдығынан арнайы Қостанайдан келген Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның «Ақжелең» фольклорлық ансамблі ашты.
Аудан әкімі Қуандық Испергенов құттықтау сөз сөйледі.
-Біздің мақсатымыз – бүгінгі орнатылған мемориалдық тақта арқылы белгілі тұлғаның ауданымыздың тумасы екенін, елге еңбек еткенін, сондай-ақ, бойындағы актерлік қабілетін танытып, өнер саласында қосқан зор үлесін жастарға ұғындыру. Өнегелі өмірінен үлгі алуға шақыру,- деді аудан басшысы.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов талантты актердің ізденістің, еңбекқорлықтың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерін тізбектеп, 120 жылдықтың аясында атқарылар жұмыстардың алда екендігін әңгімеледі.
Елубай атамыздың жиені Оразкүл Ақсақалова айтулы тұлғаның өмірі жайлы қысқаша мәліметтер айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Салтанатты жиын барысында «Ақжелең» фольклорлық ансамблі мен аудандық мәденеит үйінің өнерпаздары ән мен күй жолдап, шағын қойылым қойды.
Мерекелік жиын соңында Елубай Өмірзақовтың ойнаған фильмдері көрсетілді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане