«Халқымыз алғыс алуға, бата алуға үлкен мән берген»

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып жарияланғаны белгілі. Бұл атаулы күннің мақсаты не? Бұл жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанна Калимовамен сұхбаттасқан едік:


— Жанна Жұмабайқызы, Алғыс айту күнінің негізгі мақсаты не, мағынасы неде? Бұл күні кім-кімге алғыс айтады? Осыны көпшілігі түсінбей жүрген секілді?
- 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өте жақсы бастама көтерді. «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда — барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді» — деді Қазақстан Президенті.
Ал, 2016 жылдың 14 қаңтар күні Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні — 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Яғни, көктемнің алғашқы күнінде ел халқы Алғыс айту күнін атап өтіп келеді.
Алғыс айту күні — ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Бұл — тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзым ететін күн! Қазақ халқы қиын-қыстау заманда өздерінің шекесі шылқып отырмаса да, келген ұлттардың бәрін бауырына басты, барын алдына тосты. Сондықтан бұл күн — түрлі ұлт өкілдеріне қорған болған Ұлы Дала еліне деген алғыс күні болуға тиіс!
Алғыс айту күні — Елбасы басшылығымен қиындықтарды бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін һәм тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Бұл — әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдаудың, репрессия мен жер аудару жылдарында қазақ халқы көрсеткен мейірімділік пен қамқорлықтың, рухани қайсарлықтың төл мерекесі болуға тиіс!
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы — еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл атаулы күн еліміздегі ең жарқын мерекелердің бірі болады деген сенімдемін. «Батамен ер көгереді» дейді қазақ. Халқымыз алғыс алуға, бата алуға үлкен мән берген. «Алғыс алған арымас», «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден озып келеді» деген бар. Ендеше, осындай күнді пайдалана отырып, айналамыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын созсақ, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға аз да болса көмек көрсетсек, жақсы болар еді.
Қоғамның ең басты құндылығы — тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін осы атаулы күнді барынша жоғары деңгейде өткізу қажет. Баршаңызды осы мерекені лайықты атап өтуге шақырамын.
-Осы айтулы мереке қарсаңында қандай іс-шаралар өткізілетініне тоқтала кетсеңіз...
-Аталмыш мереке биыл төртінші мәрте аталып келеді. Сондықтан іс-шаралар легі жыл сайын көбейіп, маңыздылығы артып отыр. Биыл аудандық мәденеиет және тілдерді дамыту бөлімі дөңгелек үстелдер, Е.Өмірзақов атындағы мәденеит үйі Лисаков қаласындағы қарттар үйіне қайырымдылық концерт бермек, сонымен қатар, аудан тұрғындарына алғыс айту күніне байланысты фильмдер көрсетеді, концерт қояды, өнер мектебі сурет салу бойынша конкурстар, жастар ресурстық орталығы ақция, флешмоб, жастар қоғамдық бірлестігі Рудный қаласындағы қарттар үйіне қайырымдылық концерт ұйымдастырады, кітапхана жүйесі және мектептер өзін ішінде мерекеге орай бірнеше шаралар өткізеді. Ауылдық округтар жергілікті жерде мерекелік концерттер ұйымдастырмақ.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане