Мәуліт мерекесі аталып өтті

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_9_9-2019-1.JPGӨткен сәрсенбі күні Е.Өмірзақов атындағы аудандық Мәдениет үйінде күллі мұсылман әлемі асыға күткен қасиетті Мәуліт мерекесі аталып өтті. Аудан халқы жамағат болып Аллаға мадақ, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтты.

Адамзаттың асылы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айту жөнінде Алла Тағала Құран кәрімде «Ахзаб» сүресінің 36-аятында: «Шынында да Аллаһ пен Оның періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендерде оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!», - деп бұйырады.
Аталған шараға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы, көрші аудандардың бас имамдары, аудан тұрғындары қатысты.
Мәуліт мерекесінің басын айтыскер ақын Медет Байзаков ашып, жүргізіп отырды. Ол шараның басынан аяғына дейін пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі жайлы ғибратты да, тәлімді уағыз - насихаттар айтып, мейірімділік жайындағы оқиғаларды мысалға алып отырды.
Ары қарай Әйет мешіті жамағатынан құралған топ пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) салауат айтты. Қостанай қаласынан арнайы келген, республикаға белгілі термеші Абзал Алпысов термелерден үзінділер орындады. Аудандық ұлт асапаптар ансамблі «Әлқисса» күйін тамылжыта орындады. Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің әртістері «Мейірімді қыз» көрінісін шеберлікпен қойып шықты.
Мәуліт мейрамы барысында сөз алған өкіл имам Бақытбек қажы Нұрғабылұлы дәстүріміз бен ғұрпымыздың дінмен астасып жатқандығын, қазақы болмысымыздың өзінен мұсылмандық сипат айқын аңғарылатынын айта келіп, елге, жерге қызмет етіп, салт-дәстүрімізді дәріптеп, дамыту, дінімізді берік ұстану керектігі турасында көпшілік қауымға насихат айтты. Биылғы жастар жылын әңгімеге арқау қылып, жарқын болашақ солардың қолында екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, асыл пайғамбарымыздың (с.а.с) әрбір амалы мен мінез-құлқын ғұмырлық үлгі етіп, күнделікті өмірімізді, амалымызды сүннетке сай ету мұсылман баласының міндеті екендігін атап өтіп, аудан жұртшылығын Мәуліт мерекесімен құттықтап, пайғамбарымызға салауат айтты.
Шара соңында жиналған көпшілікке ас берілді. Ас барысында Қостанай қаласының ақыны Салтанат Өтелбаева мен жергілікті ақынымыз Мамай Ізтілеу айтысып, жамағатты жырмен сусындатты.
Мәулітке жиналған жамағат Алла Тағала баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, берекелі басқосуларда жолықтыра берсін!- деп тарқасты.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане