Рамазан айындағы рухани кеш

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_24_10-24-2018.JPGҚадір түнінің қарсаңында «Ұшқын» мәдениет үйінің қабырғасында Таран ауылының ғана емес, ауданымызға қарасты ауылдық округтердің тұрғындарының басын қосқан рухани кеш өтті.

 

«Армысың, Таран елі, жамағаты! Ассалаумағалейкум, сәлем бердім!», - деп сахна шымылдығын ашқан кештің жүргізушісі Медет Байзақов Қостанай облысының өнер майталмандарынан құралған «Жақсылық жасау» қоғамдық қайырымдылық қорының «Берекелі рамазан!» атты концертіне жиналғандарды аталмыш қордың қызметімен және міндеті жайлы сөз қозғады. Оқырман қауым, бұл қорға жиналған қаражаттың барлығы мұқтаж адамдардың мұқтажын өтеуге жұмсалатынын айта кетейік. Алла жазса, біріншіден, облысымыздағы Жамбыл деген елді-мекенде шағын намазхана салынады деп күтілуде.

«Жақсылық жасау» қоғамдық қайырымдылық қоры ашылғалы біраз жұмыс жасап, табандарын тоздырып жүрген Медет Байзақов және Марғұлан Әбдібек есімді азаматтардың бастауымен облысқа, республикаға белгілі бір топ жігіттер қала, аудандарды аралап, концерт қойып жүр. «Біз барлық аудандарды аралап, маусымның 15-і күні соңғы нүктесін Қостанайда береміз. Бірақ, бұл шараның басты мақсаты тек қана концерт емес, басқа да игі шараларды жандандыра береміз. «Қарайласқаннан қазан ортаймайды» дейді, қандай да бір қолы жомарт, көңілі мәрт азамат-азаматшалар болса, осы қоғамдық қорға тарта отырып, діттеген мақсатымызға қол жеткіземіз деген ойдамын», - дейді өнерпаз азаматтардың бірі, көпшілікке танымал айтыскер ақын Марғұлан Оспанов.

Іс-шараның бағдарламасы әдемі әнге де, астарында терең ой, мағынасы бар әзіл-қалжың қойылымға да толы болды. Жүректен шыққан сөздерін жүрекке жеткізуге барынша тырысқан өнерпаз қонақтардың өнерін тамашалайтын көрермендердің арасында еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін болғаны қуантты. Айтпақшы, айтулы концерт басталмас бұрын, жиналғандардың барлығына да діни газеттер мен журналдар да таратылды. «Биыл ораза ұстаушы адамдар, әсіресе, жастар көбейіп, осы асыл дінімізге бет бұрып, өздерінің мұсылмандық парызын орындауда. Осы жастарымызға тәрбие беріп жатқан мешіттеріміздің имамдарына алғысымыз зор. Мінеки, Қадір түнінің қарсаңында қордың жігіттері келіп, жақсы діни бағдарламасымен келіп, бізді қуантып отыр. Алла Тағала біздің ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл етсін!», - дейді көрермендердің бірі Тұрсынкүл Уәлиева.

Халықтың жиналуына, дініміздің көркеюіне ауданымыздың бас имамы Ислам Хамзиннің септігі мол. Сахна төрінде мешіттің қабырғасында жасалған ауқымды шараларды тізбектеп, имандылық жолында игі істерді жасап жүрген кісілердің есімдерін атап шыққан имамымыз салтанатты түрде әскери теміржол күзетінің басшысы Абай Бакпанаевқа, мәдениет үйінің директоры Бахыткүл Жандыбаеваға, мешіт жамағатының бірі Алмат Шамильұлына алғыс хат, мешіт қабырғасында діни дәріс беріп жүрген Жанна Валиеваға табыстады. Сондай-ақ, мешіт жамағаты атынан, қасиетті Рамазан айында Құран хатым шығарып, айға жуық жамағатпен бірге болған Алтынбек Қайымназар, Музаффар Каюмов есімді қари, хафиздерге ат мінгізді, ал І.Омаров атындағы театрдың әртістеріне, Тобыл-Торғай өңірінің өнерлі жастарына ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жеткізді. Рухани кешке арнайы келген жерлестеріміз де арнайы жәшікке садақаларын салып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

 


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане