Тағдырларыбір арнаға тоғысқан

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_24_3-24-2018.jpgҚай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ауру жаныңа батып тұрғанда, ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатамыз. Адамның өміріне қатысы бар дәрігер қауымдарынан барлығы қамқорлықты сезгісі келіп, сеніммен барады. Осындай сенімді үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқан, әрі адамдардың жанына жәрдемші болған Иса Үкібасов пен Алмаш Эрмекова жайында жазбасқа болмас.

 

Дәрімен де, жанымен де адам ауруына шипасын беріп, көңілдерге сәулесін сеуіп жүретін екі жанның тағдыры бір арнаға тоғысқаннан бері, үйде де, жұмыста да әрдайым бірге жүреді. Иса ағайдың туған топырағынан бастар болсақ, ол Қызылорда облысында дүниеге келген. Сол өңірдің ауасында барлық балалық шағы да өткен. Мектебінің алтын ұясынан түлеп ұшқаннан соң, медициналық училищеге оқуға түскен екен. Содан кейін он жылдай осы салада жұмыс істеп, 1981 жылы жоғары оқу орнына оқуға түсіпті. Ешкім де, еш- нәрсе де несібесіз болмайтыны рас. Иса Үкібасовты арманы алдамай, жүрегі қалаған, тілегіне балаған мамандығы алдан қол сермеді. «Кішкентай кезімде хирург болуды армандайтынмын. Кейін институтта оқып жүріп, гинекологияда медбрат болып жұмыс істеп жүрдім. Содан акушер-гинеколог дәрігері болуға бел будым.Мен жұмысымды жақсы көремін және дәл осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Дәрігер бір адамның өмірінің арашасы болғанымен, акушер-гинеколог ана мен дүние есігін ашатын нәрестенің өміріне жауапты. Дәрігер адамды дәрімен ғана емес, тілмен де емдей алады. Жалпы, еңбек жолымда кездестірген қиындықтарым мен қызықтарым көп. Иә, адамнан адам шығу оңай емес,екеуін де аман алып қалу керек, десек те, өмірімді осы салаға арнағаныма ризамын. Дәрігерлік мамандықты таңдаған жастарға тілерім - болашақта дәрежелі маман болып, биіктен көріне берсін деймін», - дейді ауданымыздың акушер-гинекологы Иса Үкібасов.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Иса ағайдың жан жары Алмаш Эрмекова да осы салада еңбек етуде. Табиғатынан пысық та, көпшіл Алмаш инфекциялық бөлімде жұмыс істейді. «Иса екеуміздің бір ұжымда жұмыс істеуіміз бізді одан сайын жақындастырады. Ортақ әңгімелеріміз көп, оған қоса, керек кезде ақылдасуыма да болады. Балаларым басқа мамандықты таңдағанмен, немереміз дәрігер болғысы келеді», - дейді Алмаш апай. Отыз жылдан артық тәжірибесі бар ақ халатты жанның сол кездегі арманы орындалды ма? Әйел баласы үшін сүйікті жолдасымен шаңырақ құрып, жар және ана атанудан асқан бақыт бар ма? Бүгінде немерелерінің қызығын көріп жүрген Иса ағай мен Алмаш апайдың бір ғана тілегі бар. Олар Алладан бала-шағасының аман-есен болуын ғана тілейді. Ойланып қарасақ, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Мұны медицина саласында өзіндік орны бар Иса Үкібасов пен Алмаш Эрмекова ұғынып қана қоймай, адамның өмірі үшін қолдан келгенін аянар емес. Олардың еңбектері қандай марапатқа болса да лайық.

 


 
Яндекс.Метрика