Жастар үшін оқиғаға толы апта

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_24_6-24-2018.JPGӨткен апта ауданымыздың белсенді жастары үшін қызықты оқиғаларға толы болды. Олар спорттық алаңда да жарысты, саяси тақырыпты талқылай отырып, өздерін жас саясаткер рөлінде де сынады.

 

Намысты қолдан бермеуге тырысты

Осыдан бір апта бұрын аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде шартты түрде сотталғандардан құралған құрама командалардың қатысуымен волейболдан турнир өтті. Рухани-адамгершілік тәрбие беру және спортпен айналысып, салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатымен ұйымдастырылған іс-шара қалай өтті?

Аудандық жастар ресурстық орталығы, спорт бөлімі және пробация қызметі бөлімі бірігіп, спорттық доданың жауапкершілікке тартылған тұлғалардың қайтадан қылмысқа баруына жол бермеуіне септігін тигізеді деп үміттенеді. Жарысқа жиырмаға жуық адам қатысты. Есімін атағанын қаламаған қатысушылардың бірі бізге берген сұхбатында: «Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Себебі, олар біздің дұрыс жолға түсуімізге көмектесіп, команда сапында ойынауымызға мүмкіндік беруде. Жасыратыны жоқ, қоғам сотталғандарға оң көзімен қарай бермейді, небір күмәнмен қарайды. Қателеспейтін адам болмайды. Пенде болған соң, әрқайсымыз сүрінеміз, дұрыс жолдан тайып кетеміз ғой. Осы кісілер сияқты бізді қолдаушы, демеп жіберетін жандар көп болса, біз аяғымызға нық тұрып, арыстай азаматтары болуға тырысамыз. Бізді өзге адамдардан бөлмей, спорттық жарысқа қатысуға мүмкіндік беріп отырғандарыңызға тағы да көп-көп рақмет айтқым келеді», - дейді.

Жарысты бастамас бұрын сөз алған жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлбарам Тюлюбаева да, пробация қызметі бөлімінің бастығы, майор Азамат Бекишев өз ойларын ортаға салып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыстың ресми бөлімінен соң, қатысушылар өзара құрама командаларға бөлінді. Сөйтіп, ойынды да бастап кетті. Қатысушылар кәсіби спортшы болмағандарымен, намысты қолдан бермеуге барынша тырысып бақты. Әсіресе, финалдағы қызу тартысты, әуесқой спортшылардың жан толғанысын жай сөзбен жеткізудің өзі қиын. Нәтижесінде, үш команданың арасында бір команда жеңіп, арнайы мадақтамалармен және сыйлықтармен марапатталды.


«Жас саясаткер»

Жастар арасында Президенттің Жолдауын, мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды насихаттау мақсатымен өткен кездесуді облыстық «Жас саясаткер» ақпараттық-насихаттау тобы (фотосуретте) өткізді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының залында таңдаулы, өңіріміздің белсенді жастары бас қосты.

Кездесу барысында ұйымдастырушылар «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын насихаттап, негізгі міндеттерге тоқталды. Екіжақты диалог алаңына айналған жиынның қатысушылары пікір алмасып, жастардың арасында талқыланатын өзге де өзекті тақырыптарды тілге тиек етіп, шешімін таппай жүрген бірқатар мәселелерді талқылады. Бір сағатқа созылған кездесудің соңында қонақтарымыз жиналғандардың әрқайсысына «Жас саясаткер» жазуы бар дәптерше таратып, аталмыш кездесуді қорытындылады. Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлбарам Тюлюбаеваның айтуынша, біздің ауданымыздың да «Жас саясаткер» ақпараттық-насихаттық тобы бар. Олар да ауыл-ауылды аралап, белгілі бір тақырыпта түсіндіру жұмысын жүргізетін болады деп күтілуде.

 


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане