Періштедей бойжеткен Жаннаның таңдауы

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_26_26-2018-12.JPGМешіт пен медреселер қараңғы түндегі жарық жұлдыздай қазақ даласын нұрландырса, бұл тәуелсіздік алғаннан бастап, жаңа белеске көтерілді. Сол белестің еліміздегі биік шыңы - «Нұр-мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті. Жоғары білімді исламтанушылар, дінтанушылар, араб тілі мамандарын көпсатылы жүйеде даярлайтын еліміздегі бірегей оқу ордасының студенттерінің қатарында ауданымыздың 2016-2017 оқу жылының түлегі Жанна Валиева да бар.

 

Дін дегеніміз – тұңғиық теңіз. Оның тереңінде еркін сүңгіп жүру үшін көп оқып, ілім-білім жинауымыз қажет. Осы орайда, 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Египет араб Республикасы Президенттерінің келісімімен іргесі қаланған университеті 2001 жылы алғашқы студенттерді қабылдай бастады. Былтыр С.Ерғалиев атындағы орта мектептен түлеп ұшқан Жанна Валиева да діни сауаттылығын арттыру үшін Алматы қаласындағы осы білім шаңырағына оқуға түсті. Имандылық жолына бет бұрған бойжеткен университеттің исламтану факультетінде оқиды екен. Бүгінде ол ислам дінін терең зерттеп, араб тілін меңгеріп жүр. «Елімізде дін жұмысы қазір тек қана мешіттердің аясында ғана емес, баспасөз, мемлекеттік құрылым және тағы басқа салаларда күшейген кезде діни білікті мамандарға деген сұраныс өсіп жатыр. Біз жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін теолог, ұстаз болып, әкімдікте қызмет жасай аламыз. Алла жазса, өз басым, үш жылдан кейін дипломымды алып, мешітте ұстаз боламын деген ойдамын», - дейді адамның көкірегіне сәуле, жанына шуақ шашатын Жанна. Оның айтуынша, аталған оқуға түсу үшін талапкерлер шығармашылық емтихан тапсыруы тиіс болғандықтан, 9-сыныпта білім алып жүрген кезінде-ақ дайындалып жүрген екен.

Жергілікті имам бар білгенін үйретіп, қолынан келгенше көмектескенімен, қыз балаларды оқытатын әйел баласының орны бөлек қой. Сондықтан да, Жанна ауданымызға келіп, шәкірт тәрбиелегісі келеді. Шәкірт демекші, жазғы демалысқа келген тарандық бойжеткен намаз оқып, құранды, арабша жазуды үйренуге құлшыныс білдіретін жандарға сабақ беріп жүрген жайы бар. Жанна Валиева орыс тілін жетік меңгергендіктен, аптасына екі рет өтетін дәріс екі тілде де өтетінін атап өткен жөн, оқырман. Әңгімеміздің арқауы болған қызымыздың сөйлеген сөзін тыңдап, дүниетанымына және мінез-құлқына мән берсеңіз, оның мейірімділігіне, сыпайылығына, қарапайымдылығына, сауаттылығына таңданасың да, сүйсінесің. Дінге бет бұрған Жанна Валиева халықтың, әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын артуына өзінің баға жетпес үлесін қосатынына сеніміміз мол.

 


 
Яндекс.Метрика