Қос мереке аталып өтілді

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_26_26-2018-9.JPGМемлекеттік қызметкерлер күні және Полиция күні елімізде жыл сайын 23-маусымда аталып өтіледі. Мемлекеттік органдардың 20 жылдық мерейтойының, биыл өзінің 26 жылдығын атап өткелі тұрған Қазақстан полициясы күнінің қарсаңында маусымның 21-ші жұлдызында аудандық «Ұшқын» мәдениет үйінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

 

Бүгінгі таңда өңіріміздің мемлекеттік қызметкерлері халыққа абыройлы қызмет атқарып келеді. Ал, тәртіп сақшылары елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүр. Мемлекеттік қызметкерлерге де, полицейлерге де тән қасиет ол қызметіне адал болу, жоғары деңгейде тапсырмаларды орындау, әріптестері арасында сыйлы болу десек, артық айтқанымыз болмас. Сондықтан, аудан әкімі Қуандық Испергенов та осынау айтулы күні сала мамандарының мәртебесін асырып, оларға құрмет көрсетуді жөн көрді. Мерекелік жылы лебізін білдірген Қуандық Хайдарұлы мереке иелерін құттықтап қана қоймай, салтанатты түрде мемлекеттік қызмет жүйесінде адал еңбек еткені үшін мемлекеттік қызмет саласының бірқатар ардагерлерін, қызметкерлерін облыс әкімінің мадақтамасымен, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының алғыс хатымен марапаттады. Осы күні облыс әкімінің мадақтамасын иемденген «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Айнаш Даданова да өз міндеттерін үлгілі атқарған полиция қызметкерлерінің таңдаулы полицейлеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Аталмыш салтанатты шара мемлекеттік қызметкерлер мен полиция қызметкерлеріне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Таран аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұратбек Сейтқұлов та сөз алып, Қостанай облысы бойынша ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Б.И. Аймағамбетовтың бұйрығымен бірқатар полиция қызметкерлерін мадақтамамен және алғыс хатпен марапаттаса, капитан, лейтенант, аға лейтенант арнайы шендік атағын иемденгендерге жиналғандардың қошеметімен иық белгілерін тақты. Салтанатты түрде ант қабылдаған мамандар да назардан тыс қалған жоқ. Баршамызға құпия емес, мемлекеттік және полиция қызметкерлерінің еңбектері олардан жан-жақты сауаттылықты, үлкен жауапкершілікті, өзін-өзі бақылауды және төзімділікті тапап етеді. Міне, сондықтан да, бұл күні осындай талаптарды игеріп жүрген жандардың құрметіне жылы сөздер де айтылды, әндер де шырқалды. Ән мен биге толы болған іс-шарадан жиналғандар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

 


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане