Мерейтойымызға тарту болсын деп...

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_26_26-2018-2.JPG«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының аясында Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерінің жетекшілігімен аудандық «Маяк» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай фотоқұжаттар көрмесін әзірлеген-ді. «Маяк» газетінің тарихынан» атты көрмеде не ұсынылды?

 

Сексен жыл үздіксіз жарық көрген басылымда өңірдің сексенжылдық шежіресі де хатталғаны анық. Мейрейтойымызға тарту болсын деп тамыры тереңнен бастау алатын газеттің шығу тарихын қамтитын хронологиялық шежіресін жасаған қызметкерлер көрмені журналистика саласының ардагерлері мен еңбек ұжымы жайлы ақпаратқа сүйене отырып дайындаған. Осы күнге дейін атауы бірнеше рет өзгертілген аудандық газетімізде еңбек еткен редакторлардан бастап, қарапайым қызметкерлерге дейін ұмыт қалдырмау мақсатында олардың өмірбаянын баяндап, жұмыс барысында түсірілген жеке, ұжымдық фотосуреттерін де кіргізген. Мұрағатта ең алғаш шығарылым сақталмағанымен, жарыққа шыққан кейінгі газеттердің көшірмелері бар екен. Газеттің тарихын зерттеумен айналысумен қатар, музей қызметкерлері басқа да маңызды құжаттардың тізімін ұсыныпты.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі, соңғы жылдардағы редакция ұжымы мен олардың бірқатар мақалалары да, газет көшірмелері де назардан тыс қалған жоқ. Сексен жылдың ішінде аймағымыздың тарихымен байланысты газеттердегі деректердің маңыздылығы жыл сайын арта бермек. Ұйымдастырушылар газеттің қоғамда алатын орнына айрықша мән бере отырып, бар мәліметтерге сүйене отырып, қолдан келгендерін жасағанын атап өту керек. «Маяк» газетінің көрмесін жасақтау бағытында үздіксіз жұмыс әлі де жалғасады. Музей қызметкерлері түрлі жәдігерлер, маңызды құжаттар, басқа да музейге жарамды дүниелерді бір жерге жинақтауда. Оқырман қауым, қолыңызда түпнұсқадағы ескілікті газеттер, тарихи суреттер, қолжазбалар болса, лайықты арнайы көрме жасауға сіз де үлесіңізді қосуға шақырамыз. Ал, Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұжымына тосын сыйлары үшін өзіміздің атымыздан алғысымызды білдіреміз.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане