Арнайы жүлдені иемденген Жанерке

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_27_27-2018-8.jpg«Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» дегендей, ежелден ата – бабаларымыз қыздарды әрқашан да гүлге теңеген. Табиғатта ең сұлу өсімдік гүл болса, әлемнің сұлуы – қыз. Нәзіктігімен, сұлулығымен, әдемілігімен ерекше тарандық Жанерке Әбдісалық жақында ғана«Миссис Қостанай» байқауына қатысып келді. Аталмыш байқаудан ол қандай әсер алды?

 

«Елімізде жыл сайын өзінің сұлулығымен бірге жан сұлулығын және тән сұлулығын сақтай отырып, эстетикалық сезімін ұғынатын, жетілдіретін арулардың байқауы өтетіні баршамызға аян. Арулар байқауына қатысу Жанеркенің өзінің ойы, өзінің жеке қалауы болды. 2012 жылы «Таран аруы» атанған Жанерке қалалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын сән байқауларында бағын сынағысы келгенімен, бірде-бір оған бел буған емес. Әр нәрсе өз уақытымен. Байқауға биыл қатысу бұйырған болар, Қостанай қаласында аталмыш доданың өтетінін естіген Жанерке Әбдісалық мамырдың 3-і күні іріктеу кезеңге қатысуға шешім қабылдайды. Соңғы күні ғана шешім қабылдап, көпжылғы арманын жүзеге асыру үшін қадам жасаған кейіпкеріміз тәуекелге барады. Сөйтіп, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, Жанеркенің бағы жанды, әйтеуір.

«Миссис Қостанай» байқауының іріктеу кезеңінде үміткерлер өте көп болды. Біз өзімізді сахнада ұстау, сөйлеу мәдениетімізді көрсетіп қана қоймай, қабілет-қарымымызды паш еттік. Алғашқы кезеңнен сүрінбей өтіп, кезеңге жолдама алған қыз-келіншектердің қатарына іліктім. Жалпы, кіл мықты арулар арасында өткен бәйгеге қатысу мүмкіндігі, бірінші кезекте – Жаратқанның сыйы, екіншіден, жан дүниеме жақын жарысқа қатысуыма қарсы болмай, зор қолдау көрсеткен анамның қамқорлығы, сосын барып өзімнің еңбегім деп санаймын. Шынымды айтсам, менің уәждемем - менің ұлым», - дейді Жанерке Алдабергенқызы. Айта кету керек, Жанерке қажет кезде жұмыстан босатып, түсіністікпен қараған, басшы ретінде демеген Нұрлыбек Какимжановқа және ұйымдастырушыларға алғысын білдіреді. Ол аптасына бірнеше рет өткен іскерлік, асханалық этикет сынды басқа да мастер кластарға қатысып, талмай талпынды, талаптанды, еңбектенді. Нәтижесінде аруымыз сән салонының арнайы жүлдесіне, түрлі сертификаттарға ие болды. Ең бастысы, екіайлық бұл байқау оның сана-сезіміне, өмірге деген көзқарасына, ой-өрісіне қатты әсер етті. Өзі үшін баға жетпес тәжірибе алған Жанерке Әбдісалықты алда «Миссис Қостанай» байқауының аясында ұйымдастырылатын фотосессиялар күтіп тұр.

 


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане