«Астана-Жастар ұғымдары бір-бірімен тығыз байланыста»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_27_27-2018-10.jpgБолашағын Елордамен байланыстырған жастарға екі бірдей есік ашық. Бірі – ғылым-білімге деген құштарлық, екіншісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Сондықтан, жыл сайын өңіріміздің түлектері елордаға оқу-білім іздеп барады.

 

«Қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналада жанталасып-жағаласып жүрген бір адам. Өз басым, Астана келешек пен жастардың алтын ордасы деп есептеймін. Мен үшін жиырма жылдық мерейтойын атап өткелі тұрған бас қала әлі де жас көрінеді. Жас қаламызға да, бүгінгі заманның жастарына да жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән емес пе? Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал, оның ертеңгі еңсесін көтеретін біз ғой.. Ендеше, ерінбей білім алып, еңбек етіп, қалтықсыз қызмет қылу жастардың бүгінгі міндеті», - дейді С.Ерғалиев атындағы орта мектептің түлегі Мерей Нұрғалиев (фотосуретте сол жағында тұр).

Иә, Астана, расымен де, ең алдымен, жастардың қаласы. Жасыратыны жоқ, елорда тұрғындарының санын барлық аймақтардан білімге талпынып, арман қуып барған Мерей сияқты жігіттер мен қыздар өсіруде. Ол былтыр 9-сыныпты бітіргеннен кейін Астана қаласының энергетика және байланыс колледжіне оқуға түсті. Енді, міне, болашақ байланысшы, электр жабдықтарының маманы бір жылды артқа тастап, аман-есен 2-курсқа да көшті. Естеріңізде болса, Мерей ауданымыздың мәнерлеп оқу байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленетін. Сол үрдісін күні бүгінге дейін жалғастырып жүрген студентіміз білім алып жүрген оқу мекемесінде ұйымдастырылған байқауға қатысып, сонау Астанада жеңімпаз атанған екен. Оған қоса, ол әрдайым колледждің қоғамдық өміріне белсене араласып жүреді. Әп, бәрекелді, Мерей!

Жас кейіпкеріміздің атасы Нұрғали ағай болашағы бар қаланың намысты қолдан бермейтін жастардың талабын ұштайтынына, олардың армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік беретініне сенеді. «Ұдайы қозғалыстағы, өсу үстіндегі қалаға келгелі менің көз алдымда көп нәрсе күнбе-күн өзгеріп жатыр. Шынымды айтсам, мұнда менің зерігетін уақытым жоқ, колледж қабырғасындағы түрлі шараларға қатысып, көп нәрсені көкейге түйіп жатырмыз. Астана жастардың қаласы, мәңгі жастықтың қаласы болып қала береді деген сенімдемін. Астана-Жастар ұғымдары бір-бірімен тығыз байланыста айтылады дей аламын», - деген ойымен өз сөзін тәмамдаған тарандық Мерей Нұрғалидің әлі де талай биік шыңдарды бағындырып, туғандарының, ең алдымен, Нұрғали атасының сенімін ақтайды деген ойдамыз.

 


 
Яндекс.Метрика