Жылдамдықтық режимді асырмаңыз!

Жаз келгелі жолдарымызда жаңа бір қауіптің пайда болғанын көрген шығарсыздар. Әсіресе, жаңа жол төселгеннен бері жылдамдықтық режимді сақтамайтын қос дөңгелекті көліктердің «айдатып» жүргенін көргенде, төбе шашың тік тұрады. Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қайда қарап жүр?

Жол қателікті кешірмейді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, 15 пен 29 жас аралығындағы жастардың өліміне ең бірінші кезекте жол-көлік апаттары себеп екен. Тас жолда жан тапсырушылар саны жағынан біздің еліміз де көштің бас жағында тұр. Соңғы жылдары қос дөңгелекті көліктерден келер қауіп көп. Өкінішке орай, скутерлер мен мопедтерді мінген талай жас қыршынынан қиылуда. Осы орайда, кәмелетке толмаған балаларына «қауіпті ойыншықты» сатып әпергіш ата-аналардың да кінәсі бар деп есептейтіндер де бар. Көбі балаларына сыйлық жасауды білгенімен, жол ережесін үйретуді ұмытып кететін сияқты.

Аудандық ішкі істер бөлімінің ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері бізде скутерлердің қатысуымен бірде-бір апат тіркелмеген. Десек те, скутерлер мен мопедтің иелерінің жылдамдықтық режимді сақтамай, автокөліктерді де басып озатынына Сіз де куә болған шығарсыздар. Тәртіп сақшыларының тарапынан жол қозғалысы туралы заңды айналып өтпекші жандарға ескерту жасалатын көрінеді. Биылғы жылдың сәуір айынан осы күнге дейін ауданымыз бойынша мас күйінде, герметикалық дулығасыз, тиісті құжаттарсыз жүрген отыз тоғыз скутер жүргізушісі жауапкершілікке тартылыпты. Естеріңізге сала кетейік, он алты жастан скутер мен мопед жүргізушілері арнайы жүргізуші куәлігін алуға міндетті. Ал, егер он алты жасқа толмаған шағын литражды мотокөлік иелерін полиция қызметкерлері тоқтатса, жауапкершілікке ата-аналары тартылатынын ескеріңіз.

«Қос дөңгелекті көлікті тізгіндеу жасөспірім түгіл, ересек адам үшін де оңай емес», - дейді тәжірибелі көлік жүргізушілері. Сондықтан, қауіпті көлікті балаларына сатып әпермес бұрын ата-аналардың да ойланғаны дұрыс. Кәмелеттік жасқа жетпеген, әлі оңы мен солын тани қоймаған жеткіншекке темір тұлпар мінгізіп, жолға шығарып жіберу өлімге өз қолыңмен итеруден еш кем емес екендігін ұмытпағайсыз (Фотосурет мұрағаттан алынды)


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане