«Адам болатын бала алысқа қарайды»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_28_28-2018-7.JPGОқуын бітіріп, еңбек жолын бастағалы отырған жастарды ынталандыратын «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша үй мен көтермеақы алып, ауылда еңбек етіп жатырған жастар саны жыл сайын артып келеді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бағдарлама жүзеге аса бастаған жылдан бері көптеген жас маман баспаналы болды. Сондай жандардың бірі - С.Ерғалиев атындағы орта мектепте ұстаздық етіп жүрген Ерболат Орақбайұлы.

Арқалықта туып-өскен Ерболат мектепті тәмамдаған соң, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының денешынықтыру факультетіне түседі. Ол жердегі оқуын аяқтағаннан кейін, Рудный қаласына барып, ұстаздық жолын бастайды. Бір жылға Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған жас жігіт әскерден келіп, қызметін біздің ауданымызда жалғастырады. «Өзіме ұстаздық еткен қатты ұнайды. Мектеп өміріне араласып, біраз нәрсені де үйрендім. Алғашқы кезде досыммен пәтер жалдап тұратынмын. Енді, міне, мемлекеттік бағдарлама бойынша үй де алдым. Өз басым, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы жастарға берілетін тамаша мүмкіндік деп білем. Қалада қалып, жалдамалы пәтерге ақша төлегенше, ауылдық жерге келіп, өз үйің үшін төлеген мың есе артық. Барлық жағдай жасалған, тек жұмыс істесең болды», - дейді Ерболат Орақбайұлы. Бағдарлама бойынша баспаналы болған жас маман бірден ата-аналарын да көшіріп алыпты. «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген осы ғой.

Ауылға келіп, бағдарламаның игілігін көріп отырған денешынықтыру пәнінің мұғалімінің айтуынша, қажетті құжаттарды жинап, тапсырудың еш қиындығы болған жоқ. «Армандаған үйіме қол жеткізіп, ата-аналарымды да қуанттым. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану керек деп есептеймін. Ұйымшыл ұжым ішінде қызмет атқарып жүргеніме де ризамын. Мектеп директоры Аслан Мәдібаев та жас маман деп жатырқамай қабылдады», - дейді ол. Аслан Ізбасарұлы да, ұжым да жас ұстаздың жұмысына оң баға беруде. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін Ерболат Орақбайұлы қай істе болмасын шаршап-шалдығуды білмейтін, жалындаған жастық жігерімен еңбектенетін мамандардың бірі болып табылады. Жұмысқа ынтасы орасан мұғалім С.Ерғалиев атындағы орта мектепте де, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде де қызмет істеп жүрген көрінеді. Оның педагогикалық жұмысы өз алдына бір төбе, спорттық ісмерлігі де бір төбе десек те болады. Жұмыстан қолы қалт еткенде, спортпен айналысатын жан волейболдың қыр-сырын меңгеруге, ұлттық ойындарды дамытуға аса мән береді. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген Ерболат Орақбайұлының оқушылары нәтиже көрсетіп, түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, Әйгерім Айтқазы облыстық жарыста бес тас ойынынан сынға түсіп, республикаға жолдама алды.

Болашағын тек ауылмен байланыстыратын Ерболат Таранға келгеніне еш өкінбейтінін алға тартады. Ол өзінің ұстаздық қабілетін де дамыта түсті, маман ретінде өзін шыңдай түсті, әрі мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Ерболат сияқты көптеген жастардың үйлі болуына жағдай жасап отырған бағдарлама бойынша үй алып, уайымсыз жұмыс істеп жүрген жастар ауданда жетерлік. Құжаттарын тапсырып, баспана ала алмай жүргендер де жоқ емес. Дегенмен, «көш жүре түзелер»...


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане