Күрделі жөндеуге миллиондаған қаражат жұмсалды

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_28_28-2018-5.JPGЕстеріңізге сала кетейік, Астанамыздың 20 жылдық мерейтойының қарсаңында аудан орталығындағы «Қайсар» спорт кешенінің салтанатты түрде ашылуы өткен болатын. Күрделі жөндеуді жүргізуге кім ұйытқы болды?

«Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, спорт кешенінің күрделі жөндеуі 40 миллион теңгені құраған, сондай-ақ, 1 миллион 400 мың теңге спорттық құрал-саймандар сатып алуға бөлінген. Барлық ақшалай қаражат «Варваринское» акционерлік қоғамы мен Таран ауданы әкімдігінің жасасқан әлеуметтік-экономикалық серіктестік туралы меморандумына сәйкес бөлінген көрінеді. Ал, жөндеу жұмыстары Хачик Аракелянның жетекшілігімен «Стройтекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жүргізілгенін атап өткен жөн. Спорт кешеніміздің іші қайта жоспарланып, одан әрі кең, әрі жарық болды. Оған қоса, спортшыларымыз қажетті заманауи спорттық құрал-саймандармен қатар, спорттық киім-кешектермен қаматмасыз етілді.

«Қайсарда» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы мәселе «Варваринское» акционерлік қоғамының 2017 жылдың соңында ұйымдастырылған халықпен кездесуінде көтерілген-ді. Ел-жұрттың өтінішін, сөзін жерге қалдырмай, биылғы жылдың ақпан айында спорт кешенін жөндеуге кірісті. Айта кету керек, әрдайым ашық диалогқа дайын компания тарандықтардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түргеннен бөлек, орын алатын небір ауқымды мәселелерді шешуге барынша тырысады. Жарты жылдың ішінде олар салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ауданның спорт саласын дамытуға септігін тигізетін нысанды жаңа кейіпке енгізуге зор үлестерін қосты. Шыны керек, аудандардың барлығы да күрделі жөндеуден өткен, заманауи құрал-саймандармен жабдықталған спорттық нысанмен мақтана алмайды. «Қайсар» спорт кешенінің ашылғанына бәрінен де балалар қуанышты. Жерлестеріміз туған ауылында спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалып, бос уақыттарын тиімді өткізетіндеріне дән риза. «Жақын арада пайдалануға берілетін спорт кешенінде балалар осы күнге дейін де спортпен айналысатын, бірақ осынау ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстан кейін күрес түрлерін кеңейтпекшіміз», - дейді спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Марс Шұңғырбаев. «Жақсылық еккен алғыс орады» демекші, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген «Варваринское» акционерлік қоғамына жамағаттың атынан ризашылығымызды білдіріп, сенімді әлеуметтік серіктесімізді мерекелерімен құттықтауға рұқсат етіңіздер.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане