Таранның кішкентай ханшайымы анықталды

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_28_28-2018-13.JPGЕліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдық мерейтойының қарсаңында «Ұшқын» мәдениет үйінде аудандық «Таран ханшайымы – 2018» байқауы өтті.

5-шілде күні байқау 5-10 жас аралығындағы қыздар арасында ұйымдастырылды. Сән мен өнер байқауына барлығы он үміткер қатысты. Ауылдық округтерден арнайы келген ата-аналар қыздарын «сақадай сай» қылып алып келіпті.Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде-ақ әділқазылар мүшелеріне оларды бағалау оңайға соқпағаны анық. Қағылез де, сүйкімді, өте әдемі де, сұлу қыздардың байқауға үлкен жауапкершілікпен дайындалып келгені байқалды. Байқау шарты бойынша бірі өзін өлең жолымен, енді бірі бейне слайдтар арқылы таныстырды. Ал, қатысушының шығармашылық қабілетін анықтауға бағытталған «Шығармашылық» кезеңде кішкентай арулар өздерінің қалаулары бойынша киім үлгілері, сөздері, театрландырылған қойылымдары, әндері мен билері, өлеңдері арқылы өз өнерлерін паш ету керек болатын. Берілген бес минуттың ішінде қатысушылардың әрқайсысы бас жүлдені алуға лайықты екендіктерін дәлелдеуге барынша тырысты. Шыны керек, екінші кезең сайысты одан әрі қыздыра түсті. Себебі, қыздардың басым бөлігі жиналғандарды да, қазылар алқасының мүшелерін де таңқалдырды, әрі таңдандырды. Алдын-ала берілген үй тапсырмасы бойынша «сәнді көйлек» кезеңі жайлы айтар болсақ, кешкі сән көйлектер бірінен-бірі өтті. Сахнаға кешкі емес, заманауи бейнесімен шыққан қыздар да бәсекелестерінен кем түскен жоқ.

Қазылық жасаған кісілердің ойынша, үміткерлердің барлығы дерлік жеңімпаз атануға барынша тырысқанымен, барлығының да дайындық деңгейлері жоғары деуге болмас. Байқау болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болады. Әрине, бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Бас жүлде де біреу-ақ. Әдеттегідей, байқау өз мәресіне жеткен соң, әділқазылар алқасы да өз шешімін жариялады. Сөйтіп, жалғыз ғана бас жүлдені Красносельск ауылының елгезек қатысушысы Диана Юсупова иеленіп, «Таран ханшайымы – 2018» атанды. Набережный ауылдық округінің өте дарынды қызы Елизавета Шукаловаға жүлделі бірінші орын бұйырды. Ал, қалған қатысушылар «Маржан ару», «Зерделі ару», «Балауса ару» сынды басқа да номинацияларға ие болды. Осынау керемет кешті ұйымдастырған аудандық мәдениет үйі мен жастар ресурстық орталығының атынан бағын сынаған кішкентай болса да, өжет қыздарға, ата-аналары мен жетекшілеріне алғысымызды білдіреміз. Жалпы, байқау өте қызықты, тартымды, әсерлі өтті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Тек балалар арасында онсыз да жиі өткізілмейтін іс-шараларда қатысушыларды демейтін көрермендер қатары да артса дейміз.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане