Анастасияның талпынысы баршаға ғибрат

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_30_30-2018-3.JPGӘдетте газетіміздің «Тіл және қоғам» тақырыптық бетінде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметшілері мен жеке тұлғалар үшін мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту курстарын ұйымдастырумен, оқыту үдерісін әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етумен айналысатын аудандық тілдерді оқыту орталығының жұмысына шолу жасаймыз. Ал, бүгінгі санымызда осы орталықтың үздік тыңдаушысы жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.


Тілдерді оқыту орталығының директорының міндетін атқарушы Айдана Есенғазының сөзіне қарағанда, 2017-2018 оқу жылында аудан орталығындағы, Тобыл кентіндегі, Май, Асенкритов ауылдық округтеріндегі тілдерді үйрену курстарына барлығы 805 тыңдаушы қатысыпты. Олардың басым бөлігі А1, В, В2 деңгейлері бойынша білім алып жүрген көрінеді. Айта кету керек, орталық әртүрлі салаға арналған арнайы сөздіктермен, оқу-әдістемелік және электрондық кешендермен жабдықталған. Заманауи талаптарға сай, жабдықталған кабинеттерде мемлекеттік тілді меңгерудің мультимедиялық бағдарламалары, оқу-әдістемелік кешендер, электронды оқулықтар оқу үдерісінде тиімді қолданылуда. Қысқасы, қазақ және ағылшын тілдерін үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Қуантарлығы, жүйелі түрде жүргізілетін курстардың нәтижесі де бар.
Аталмыш орталықтың оқытушысы Армангүл Түктібаеваның айтуынша, тілге деген қызығушылықпен сабақтарда белсенділік танытатын тыңдаушылар аз емес. Солардың бірі – Анастасия Вазенмиллер. Ол аудандық орталық аурухананың әдістемелік кабинетінде медстатистик болып қызмет істейді. Анастасия Ивановна жұмысындағы жүктемесіне қарамастан, бір жыл бойы аурухана қабырғасында жүргізілетін қазақ тілі сабақтарына қатысып жүр. «Мен қазақ тілін мектепте оқып жүргенімде үйренген болатынмын. Ал, қазір арнайы курстарға барып,білімімді жетілдіріп жүрмін. Менде сөздіктер де, үлестірме мәліметтер де, жинақтаушы папка да, бейнероликтер түріндегі дәрістер де бар.Бір жылдың ішінде мәтіндерді аударып, диалог құруды үйрендім», - дейді курс тыңдаушысы Анастасия Вазенмиллер. Ең бастысы, медицина саласының қызметкерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы бар. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Осы ретте, Анастасияның ізденісі мен тілді меңгеру жолындағы талпынысы баршаға ғибрат болады деген үміттеміз. Қалай десек те, бәрі де адамның игі ниетіне, алға қойған мақсатына тікелей байланысты ғой. Қорытындылай келе, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйреніп жүргені мемлекеттік тілдің мәртебесінің өскендігінің бір көрінісі десек те болады.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане